Токио қаласында орналасқан Integral AI технологиялық компаниясы жасанды интеллект саласында үлкен серпіліс жасағанын жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компанияның мәлімдеуінше, олар толықтай жаңа тапсырмаларды дербес түрде, алдын ала деректер жиынтығынсыз және адамның көмегінсіз игеруге қабілетті жасанды жалпы интеллект (Artificial General Intelligence, AGI) жүйесін жасап шығарған.
Токионың тосын сыйы
Жасанды жалпы интеллект көп жылдан бері жасанды интеллект саласының басты әрі қол жеткізілмеген мақсаты саналады. AGI мәтін жазу, сурет тану немесе көлік жүргізу сияқты жекелеген тапсырмаларды орындауға үйретілген қарапайым жасанды интеллекттен мүлдем басқа деңгейдегі жүйе.
Ол адам сияқты ойлау, бейімделу және түрлі тапсырмаларды өз бетімен үйрену қабілеттеріне ие болуы тиіс. Осы уақытқа дейін AGI тек теория жүзінде ғана талқыланып, іс жүзінде жүзеге аспай келген еді.
Integral AI компаниясын жасанды интеллект саласында он жылдан астам тәжірибесі бар, бұрынғы Google инженері Джад Тарифи құрған. Токио қаласында орналасқан бұл компания озық жасанды интеллект жүйелері мен робототехниканы біріктіруге маманданған. Integral AI-дың мәліметінше, олардың жаңа жүйесі қазіргі жасанды интеллект технологияларынан сапалық тұрғыда жоғары тұратын «түбегейлі серпіліс».
Компания AGI-ды үш басты қағидамен анықтайды. Біріншісі, дағдыларды автономды түрде меңгеру. Бұл жасанды интеллект жүйесі ешқандай дайын деректерге немесе адам берген нұсқаулықтарға сүйенбей, жаңа жағдайларға бейімделіп, жаңа дағдыларды өз бетінше игеруді білдіреді.
Екіншісі, қауіпсіз әрі сенімді оқып-үйрену. Жүйе оқып-үйрену барысында ешқандай күтпеген қауіпті жағдайлар туғызбауы және зиянды әрекеттерге бармауы қажет.
Үшінші қағида энергия тиімділігі. Жасанды интеллекттің қандай да бір дағдыны игеруіне кететін энергия мөлшері адамның осы тапсырманы үйренуге жұмсайтын энергиясына сәйкес болуы керек.
Integral AI серпілісі
Integral AI осы үш шартты әзірлеу және тестілеу кезінде қатаң стандарт ретінде ұстанғанын атап өтті.
Компанияның хабарлауынша, жаңа жүйе роботтар арқылы шынайы өмірде сынақтан өткізілген. Integral AI инженерлерінің айтуынша, роботтар жаңа тапсырмаларды ешқандай адам бақылауынсыз өздері игерген. Бұл нәтиже жүйенің тек алдын ала жазылған нұсқауларды орындамай, өздігінен бейімделе алатынын көрсетеді. Компания әзірге технологияның толық техникалық мәліметтерін ашық жарияламағанымен, қолда бар нәтижелер жүйенің адам деңгейіндегі оқып-үйрену қабілетін растайды дейді.
Компания басшысы Джад Тарифи бұл жетістікті тарихи сәт деп бағалап отыр.
– Біздің жұмысымыз жай ғана технологиялық жетістік емес, бұл адамзат өркениетінің жаңа кезеңі. Біздің ендігі мақсатымыз әлі де бастапқы кезеңінде тұрған AGI-дың осы үлгісін әрі қарай дамытып, адамдарға пайдалы, ұжымдық мүмкіндіктерімізді кеңейтетін супер-интеллект деңгейіне жеткізу, – дейді ол.
Тарифидің төңкерісі
Джад Тарифи Integral AI-дың кеңсесін Кремний алқабында емес, Жапонияда ашуын робототехника саласының озық дамығанымен байланыстырады. Жапония роботтардың түрлі салаларында гуманоид роботтар, өнеркәсіптік автоматтандыру және интеллектуалды машиналар жасауда әлемдік көшбасшы ел ретінде белгілі. Сондықтан Джад Тарифи Жапонияны физикалық әлеммен тығыз байланыста болатын AI жүйелерін жасауға өте қолайлы орта санайды.
Дегенмен, сарапшылар Integral AI жариялаған жаңалыққа әлі де күмәнмен қарап отыр. Технология әлемінде «алғашқы рет» деп жарияланған көптеген жетістіктер кейін түрлі дау тудырып, қайта қаралған жағдайлар аз емес. Осыған ұқсас мысал – «кванттық үстемдік» саласында болған пікірталастар. Бастапқыда бұл саланың көшбасшы компаниялары жетістікке жеткенін жариялағанымен, кейіннен олардың тұжырымдарын өзге ғалымдар сынға алып, қайта бағалаған еді.
Жасанды жалпы интеллекттің де нақты жетістігін өлшейтін бірыңғай әрі халықаралық тұрғыда қабылданған сынақ жоқ. Сондықтан Integral AI компаниясының өзі ұсынған анықтамасы мен нәтижелері ғылыми қауымдастықтың толық әрі ашық тексеруінен өткеннен кейін ғана расталуы мүмкін дейді мамандар.
Integral AI өкілдерінің айтуынша, олардың AGI жүйесі адам миының ойлау, қабылдау және тілге жауапты бөлігі неокортекстің құрылымын қайталайды. Бірақ ғалымдар жасанды интеллект пен адам миының арасындағы салыстырулар көбіне теориялық деңгейде қалатынын, сондықтан мұндай тұжырымдарды нақты дәлелдеудің қиын екенін айтады.
Сіз білесіз бе, жасанды интелект саласындағы патент бойынша Қытай АҚШ-ты басып озды.

