Жапонияның KG Motors атты шағын стартапы елдің электромобиль нарығында нағыз сенсация жасап жатыр. Компания құны небәрі 7000 доллар тұратын өте ықшам, бір адамдық электр көлігін – Mibot моделін таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл кішкентай ғана, ақылды әрі қолжетімді көлік, әсіресе Жапонияның тар көшелері мен тұрақ орны шектеулі үлкен қалаларында тез танымал болып үлгерді. KG Motors компаниясы 2027 жылдың наурызына дейін жеткізуге 3300 көлікке алдын ала тапсырыс алған. Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, бұл көрсеткіш 2024 жылы Toyota компаниясының Жапониядағы барлық электромобиль сатылымынан асып түсті.
Mibot күнделікті қысқа сапарларға арналған. Ол шағын әрі тар көшелермен еркін қозғалып, кез келген тұраққа сыйып кетеді. Бір рет толық зарядталғанда 100 шақырым жол жүре алады, ал максималды жылдамдығы сағатына 60 шақырымды құрайды. Тағы бір артықшылығы көлікті үйдегі қарапайым 100 вольттық розеткадан небәрі 5 сағатта толық зарядтап алуға болады. Оған арнайы құрылғы немесе жабдықтың еш қажеті жоқ. Сонымен қатар, автокөлік кондиционермен және шағын жүксалғышпен жабдықталған, яғни күнделікті қолданысқа өте ыңғайлы.
KG Motors компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, 43 жастағы Казунари Кусуноки Mibot-ты жасау идеясын былай түсіндіреді: «Көліктер тым үлкен болып кетті. Жапонияның тар көшелерімен жүріп жатқан дәу көліктерді көргенде, осы шағын көлікті жасау ойы пайда болды».
Жапонияда электромобиль нарығы әзірше баяу дамуда. 2023 жылы жаңа көлік сатылымының тек 2%-ы ғана электрлі көліктерге тиесілі болған. Халықтың көпшілігі әлі де гибридті немесе бензинмен жүретін көліктерді таңдайды. Елдегі ірі автокөлік өндірушісі Toyota электромобильге қатысты аса сақ саясат ұстанып отыр.
2022 жылы Toyota-ның бұрынғы президенті «тек электромобильдерге көшу қажет емес» деп мәлімдеді. 2023 жылы басшылық ауысқанымен, компания гибридті және басқа қозғалтқыш түрлеріне инвестиция құюды жалғастыруда. Осы себепті жапон нарығында электромобильдердің кең таралуы қиынға соғып келеді.
Кусуноки бұл жағдайды былай түсіндіреді: «Toyota электромобиль жалғыз шешім емес дейді. Жапония халқы Toyota-ға сенгендіктен, көпшілігі электромобильдер ешқашан танымал болмайды деген пікірде».
Дегенмен, KG Motors елдің өзгерістерге дайын екеніне сенімді. Әсіресе қоғамдық көлік нашар дамыған ауылдық жерлерде бір отбасына бір көлік емес, әр адамға бір көлік қажеттілігі артып келеді.
KG Motors компаниясы көліктерді шығаруды 2025 жылдың қазан айында Хиросиманың шығысындағы жаңа зауытында бастауды жоспарлап отыр. Алғашқы 300 автокөлік 2026 жылдың ортасына қарай Хиросима мен Токиоға жеткізіледі, қалған 3000 көлік бүкіл Жапония бойынша 2027 жылдың наурызына дейін иелеріне табысталады. Алдағы уақытта жылына 10 000 көлік шығаруға дейін өндірісті ұлғайту көзделген.
Өлшемі өте ықшам болғанымен, Mibot-тың техникалық мүмкіндіктері өте көп. Ол қашықтан басқарылатын бағдарламалық жаңартуларды, озық қауіпсіздік жүйелерін, жеңіл әрі берік корпусты қамтиды. Компанияның ресми сайтында Mibot-тың тар көшелерде, тіпті қар басқан жолдарда да қалай сенімді қозғалатынын көрсететін видеолар жарияланған.
Компания сайтында: «Mibot кішкентай денесіне үлкен мүмкіндіктер мен қызықты сәттерді сыйдырған шағын мобильді робот. Ол тіпті ең тар жолдарда еркін қозғалуға мүмкіндік беріп, күнделікті қысқа сапарларды ерекше саяхатқа айналдырады», – деп жазылған.
Көліктің қарапайым құрылымы (тек батарея, мотор және негізгі электроника) оның өзіндік құнын төмен ұстап, сапасына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Контекст
Жапонияда «кей-карлар» (шағын, жеңіл автокөліктер) көптен бері танымал. Мәселен, 2024 жылы Nissan Sakura атты кей-көліктің 23 000-ға жуық данасы сатылған. Дегенмен, тіпті осы көліктің құны Mibot-тан екі есе қымбат.
Соңғы уақытта шетелдік компаниялар да осы трендке назар аудара бастады. Қытайлық BYD 2026 жылы Жапонияда кей-көлік өлшеміндегі электромобиль шығаруды жоспарлауда. Ал Hyundai компаниясы жақында толық өлшемді ең арзан электрокөлік – Inster EV моделін нарыққа шығарды, оның бағасы 2,9 миллион иенадан басталады.
Осылайша, KG Motors-тың жаңа шағын көлігі Mibot – Жапонияда ғана емес, әлемдік электромобиль нарығында да қызығушылық тудыратын жаңа құбылысқа айналмақ.
Ал елімізде өткен бір ай ішінде қазақстандықтар 2774 Kia көлігін сатып алған. Бұл былтырғы қаңтар айындағы көрсеткіштен бірден 183 пайызға жоғары. Тіпті өткен желтоқсан айымен салыстырғанда 44 пайызға артқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







