Жапонияда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл қазақстандық спортшылармен және жас балуандармен жүздесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу ұлттық күрес пен халықаралық тәжірибенің сабақтастығын айқындаған мазмұнды диалог алаңына айналды.
Жиынға қазақ күресінің түйе балуандары, Qazaqstan Barysy турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев, сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдо құрамасының өкілдері қатысты. Әртүрлі мектептен шыққан балуандардың бас қосуы күрес мәдениетінің ортақ негізін талқылауға мүмкіндік берді.
Шара барысында жас спортшылар төл күрестің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен қазақ күресінің техникалық ұқсастықтарын паш етті. Ерсін Балтағұл сумода жиі қолданатын айла-тәсілдерін таныстырып, дайындық процесі, рингтегі психологиялық тұрақтылық пен тәртіп туралы тәжірибесімен бөлісті.
Оның айтуынша, кәсіпқой спорттағы табыстың формуласы еңбек, жүйелі тәртіп және ұлттық тамырдан ажырамау. Спортшы қазақ күресі мен дзюдо мектебінен қалыптасқанын атап өтті. Жапон мәдениетіндегі «Ондуошин и» ұғымын залдың рухын сезіну қағидасын ол кілемнің тынысын танумен байланыстырады. Ерсін сумо белдесулерінде қазақ күресіндегі «Жамбас» әдісін жиі қолданатынын жеткізді.
Кездесу соңында Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов спортшыға құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, естелік кәдесый табыстады. Жиын жас балуандар үшін мотивациялық серпін беріп, ұлттық рух пен жаһандық тәжірибенің үйлесімін көрсеткен тағылымды сәтке айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

