Астрономдар ғарыштағы ерекше жұлдыздың таңғажайып тағдырын ашты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көптеген жұлдыздардың ғұмыры алапат жарылыспен аяқталып, олардың қалдықтары түрлі-түсті, пішіні ретсіз бұлт секілді ғарыш кеңістігіне шашырайды. Алайда Pa 30 атауына ие болған ғарыштық нысанның көрінісі мүлде басқаша. Оның орталығынан ұзын, түзу талшықтар тарап, алыстан қарағанда лапылдап, қатып қалған от ұшқындарына ұқсайды.
1181 жылдан қалған ғажайып
Жылдар бойы астрономдар бұл объектінің өзгеше құрылымына бас қатырып келген еді. Pa 30 нысаны сонау 1181 жылы қытай және жапон аспан зерттеушілері жазып қалдырған «қонақ жұлдызбен» байланысты.
Дегенмен бұл объект классикалық жарылған жұлдыз қалдықтарына мүлде ұқсамайды. Нью-Йорк штатындағы Сиракуз университетінің ғалымы Эрик Коглин осы құпияның жауабын тапқандай болды. Оның пікірінше, жұлдыз жарылуға тырысқанымен, толықтай жарыла алмаған.
Ақ ергежейлі жұлдыздар Ia типті аса жаңа жұлдыз ретінде жарылған кезде әдетте толығымен қирап, кеңістікте жан-жаққа таралған қалдықтар ғана қалады. Бірақ Pa 30 объектісінің түп негізі тек жартылай ғана жарылған. Жұлдыз бетінде басталған термоядролық жану процесі толығымен дамып, жарылысқа ұласпай, тез басылған. Нәтижесінде аса ауыр ақ ергежейлі жұлдыз бүтін күйінде сақталып қалған.
Бұдан кейінгі оқиға одан да ерекше. Жарылмай қалған ақ ергежейлі жұлдыз тыныш қалмай, ғарышқа сағатына шамамен 54 миллион шақырым (секундына 15 мың км) жылдамдықпен ғаламат жұлдыздық жел тарата бастаған. Желдің құрамында жұлдыздың сәтсіз жарылуы кезінде түзілген ауыр элементтер де мол болған. Осы аса тығыз жел ғарышқа бағыт алған.
Тығыз әрі ауыр жел мен сирек, жеңіл газдың шекарасында Рэлея-Тейлор тұрақсыздығы туындаған. Бұл физикалық құбылыс Жердегі ядролық сынақтарда саңырауқұлақ тәрізді бұлттардың пайда болуына себепші болады.
Ғарыштағы тұрақсыз тепе-теңдік
Ауыр сұйықтық жеңіл сұйықтыққа қысым көрсеткенде, саусаққа ұқсас ұзын пішіндер қалыптасады. Pa 30 жағдайында мұндай пішіндер ұзын жіңішке талшықтарға айналып, қазір астрономдардың бақылап отырған көрінісін берген.
Алайда бұл талшықтар неліктен жойылып кетпеген? Әдетте тағы бір физикалық процесс мысалы түтіннің айналуы мен бұйраланып кетуі сияқты құбылыс мұндай талшықтарды тұрақсыз етіп, жан-жаққа шашыратып жібереді. Сол себепті әдеттегі аса жаңа жұлдыз қалдықтары ретсіз, бұлт тәріздес көрінеді. Бірақ Pa 30 объектісінің тығыз желі айналасындағы газдан соншалықты ауыр болғандықтан, бұл тұрақсыздық қалыптасып үлгермеген. Осылайша талшықтар созылған күйі сақталып, үнемі жаңарып тұратын жел есебінен ерекше көрініс қалыптастырған.
Коглин жүргізген компьютерлік модельдеу тығыздық айырмашылығының осындай ерекше құрылымдарды тудыратынын дәлелдеді. Ғалым сондай-ақ таңғаларлық параллель тауып, 1962 жылғы АҚШ-тың «Kingfish» ядролық сынағының бұрынғы құпия фотосуреттерін мысалға келтірді. Сол суреттерде жарылыстың бастапқы сатысында ұзын талшыққа ұқсас құрылымдар көрінеді, кейін олар ретсіз, бұлт тәріздес формаға ауысқан.
Pa 30 секілді толық жарылмаған нысандар аса жаңа жұлдыздардың ерекше Iax түріне жатқызылады. Мұндай құбылыстар өте сирек кездескенімен, соңғы уақытта заманауи ғарыш бақылау құралдарының арқасында көбірек анықтала бастады. Коглиннің айтуынша, Pa 30 бірегей емес дәл осыған ұқсас құрылымдар тығыз желмен байланысты басқа ғарыштық құбылыстарда да туындауы мүмкін.
Осы зерттеу нәтижесінде ғалымдар жұлдыздардың барлығы бірдей көз қарықтырар жарылыспен өмірін аяқтамайтынын түсінді. Кейбір жұлдыздар ғұмырын тыныш аяқтап, артында ғажайып әдемілігімен таң қалдыратын «отты торын» ғана қалдырып кетеді. Бұл құбылыс ғарыштағы апаттардың өзі керемет эстетикалық көрініске ие бола алатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Айтпаұшы, Өзбекстандағы Суффа үстіртінде салынып жатқан халықаралық радиоастрономиялық обсерватория әлемдік ғылымындағы ең ірі және стратегиялық маңызы зор жоба ретінде бағалануда.

