Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртып, көшелердің жарықтандыру жүйесін дамытуға ерекше мән беруде. Осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы аудан әкімі Абзал Егембердиев айтып берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкімнің айтуынша, биыл Достық шағынауданында су құбыры мен кәріз желісінің құрылысы аяқталған. Жалпы ұзындығы 15,7 шақырымды құрайтын бұл жоба 800 үйді қамтып, 3500 тұрғынға қолайлы жағдай жасады.
Таугүл шағынауданында да инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін осы аумақта 23,6 шақырым желі жаңартылса, қазір қосымша тағы 2 шақырым желі салынуда. Жобаның аяқталуы нәтижесінде 5500 тұрғын орталықтандырылған желіге қол жеткізеді.
Аудан басшысы ескірген инфрақұрылым мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты тағы үш ірі жоба әзірленуде. Олардың аясында 29 шақырым ескі мекемелік инженерлік желілер қайта жаңартылып, аудан тұрғындары сапалы коммуналдық қызметтермен тұрақты қамтамасыз етілетін болады.
«Біздің негізгі мақсатымыз – аудандағы тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз», – дейді Абзал Егембердиев.
Бұдан бөлек, бірнеше шағынауданда қосымша 2,7 шақырым су құбыры мен кәріз желісін қайта жаңарту жоспарланған.
Әуезов ауданының әкімдігі көшелерді жарықтандыру мәселесін де жүйелі түрде шешуде. Биыл жыл басынан бері 6,3 шақырым жарықтандыру кабелі жаңартылып, 51 тірек орнатылған және 755 шам ауыстырылған.
2026 жылдың соңына дейін аудан бойынша:
29 шақырым жарықтандыру желісі жаңартылады,
318 тірек орнатылады,
2745 ескі шам жаңа энергия үнемдеуші шамдарға ауыстырылады,
20 басқару шкафы жөндеуден өткізіледі.
Аталған шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Әуезов ауданының әкімдігі инженерлік желілер мен жарықтандыру жүйесін жаңартуға басымдық беріп, осы жұмыстарды алдағы уақытта да қарқынды жалғастыруды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







