ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің тыңдаушыларына арналған арнайы оқу курсы өз мәресіне жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқу курсының аяқталуына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Бұл жоба мемлекеттік қызметке енді қадам басқан жастардың кәсіби біліктілігін арттыруды, басқарушылық қабілеттерін жетілдіруді және мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын терең түсіндіруді мақсат тұтты. Курс аясында тыңдаушылар мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы мен жұмыс істеу принциптері, стратегиялық жоспарлаудың әдістерін меңгерді. Сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерін дамыту жолдары, тиімді коммуникация орнату тәсілдері және қызметтік этиканың маңызды аспектілері бойынша терең білім алды.
Оқу бағдарламасы тек теориялық дәрістермен шектелмей, тәжірибелік сабақтар мен семинарларға да ерекше мән берілді. Мемлекеттік органдардың тәжірибелі қызметкерлері, белгілі сарапшылар мен білікті мамандар болды. Олар қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, өз білімдерін бекітуге және кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берді.
Курс қатысушылары мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, нақты кейстер арқылы шешім қабылдау дағдыларын дамытуға күш салды. Сонымен қатар, түрлі рөлдік ойындар мен топтық жұмыстар жастардың командалық рухын нығайтып, ұжымдық жұмыс істеу қабілетін арттыруға септігін тигізді.
Оқу курсының соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Ал Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облыстық филиалының басшылығы жас мемлекеттік қызметшілерге алдағы уақытта табысқа жетулеріне тілектестік білдірді. Тыңдаушылар курс барысында алған білімдері мен дағдылары алдағы қызметтерінде тиімді қолданылып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.
Жалпы, «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің оқу курсы мемлекеттік қызметке келген жастардың кәсіби өсуіне жаңа серпін беріп, ел дамуы жолындағы қызметтеріне тың серпіліс әкеледі деп күтілуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







