Түркістанда «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» атты өңіраралық форум аясында екі кезеңнен тұратын AI Хакатонның қорытындысы жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шара облыс әкімдігінің қолдауымен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өтті.
Хакатонның жабылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Сондай-ақ үздік командаларды Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев та арнайы құттықтады.
Іс-шараның негізгі мақсаты қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді шешуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану болды. Байқауға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан оқушылар, студенттер және жоғары оқу орындарының білім алушыларынан құралған 114 команда қатысты. Бұған қоса, Астана мен Алматы қалаларынан келген командалар іс-шараның маңызын арттыра түсті.
Хакатон қатысушылары бес негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынды:
AI Digital Trace: Telegram платформасындағы заңсыз саудагерлерді анықтау;
Лудоманияға қарсы AI: Ойынға тәуелділікті ерте анықтап, алдын алу;
Мемлекеттік сатып алуларды AI-талдау: Манипуляциялық техникалық сипаттамаларды анықтау;
Заңсыз интернет-ресурстарды AI-мониторингтеу: Онлайн-казино, қаржы пирамидалары және алаяқтық сайттарды анықтау;
Open AI Challenge: Қаржылық алаяқтық пен көлеңкелі схемаларға қарсы еркін бағыт.
Жеңімпаз командаларға қаржылай сыйлықтар табысталды. Іс-шара барысында елордадан арнайы келген «Музыкалық жас көрермен театры» өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







