Жамбыл облысындағы полиция қызметкерлері дабыл қағуда. Тұрғындарды қапыда қалдырмас үшін мектеп-мектепті, университетті, көпқабатты үйлерді аралап, парақша таратып, адамның адамға сену қабілетін су сепкендей басып жүрген жасанды интеллект технологияларымен қаруланған алаяқтардың әрекетін түсіндірумен әлек. Бұл қоғамға жасалған жаңа қауіпті қылмыстың алдын алудың жалғыз амалы.
Бұрын қылмыскер «Мен – полицияданмын» деп телефон шалып, «Шотыңыздан күмәнді ақша шықты» деген сылтаумен құрбанды алдаса, енді олар адамның сеніміне кіріп алатын қулық-сұмдықты ойлап тапқан. Енді олар сіздің бауырыңыздың дауысын көшіріп, «Апа, мен қиын жағдайдамын, шұғыл ақша керек» деп жалынып тұруы мүмкін. Сіздің қасыңызда жүретін досыңыздың бейнесін видеоға құрастырып, «кешір, мен осындай жағдайға тап болдым» деген жалған хабарлама алсаңыз қалай шыдап отырасыз.
Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Уәлихан Ағыбаевтың айтуынша, жасанды интеллектпен жасалған алаяқтықтар күн өткен сайын шынайы бола түсуде. Бұл енді «жаңа технологиялардың сырын қарт кісілерді алдап соқты» деген әңгіме емес. Жасанды интеллектіні жетік меңгерген алаяқ енді цифрлық сауатты, алаяқтыққа қарсы сақтығы жоғары адамды да тақырға отырғызып кететін мүмкіндікке ие болып отыр. Себебі адамның эмоциясына, мейіріміне, шұғыл шешім қабылдайтын әлсіз сәтіне бұрын-соңды ешкім шабуыл жасап көрмеген еді. Бүгінгі технология дамыған заманда сол мүмкіндік пайда болды. Алаяқ енді ақша сұрап қана қоймайды, сізді шантаж жасайтын, қорқытатын құралдарды да қолданады.
Киберқауіпсіздік саласында еңбек ететін мамандар қазір Deepfake технологиясының қауіпі зор екенін айтуда.. Яғни адамның дауысын, бейнесін жасанды түрде жасау. Бұл видеоны бұрын «кинодағы фантастика» деп қабылдасақ, қазір ол біздің мессенджерімізге, ватсабымызға кіріп алды. Адам өзінің видеосын көріп тұрып, «мен мұны жасамадым» деп дәлелдеуге мәжбүр болады.
Сондықтан алаяқтар құрған торға түсіп қалмау үшін әр азаматтың өзіндік ақпараттық иммунитеті болуы керек. Яғни, технология дамыған сайын тек гаджет емес, адамның өзі де жаңаруы қажет. Ең алдымен, эмоционалды реакцияны тоқтатып, логикалық қорғанысты қосудың маңызы артады. «Бауыр сұрап жатыр» деген хабарлама келсе, ең алдымен, оған тікелей қайта қоңырау шалу керек. Себебі аудионы жалған жасап, «көмектес» деген сөзді айту қазір баланың да қолынан келеді. Сақ болайық ағайын!