Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің студенттері қайырымдылық бастамасы арқылы әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Колледж еріктілері қаладағы «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, тәрбиеленушілерге көмек көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың әлеуметтік жауапкершілігі ел болашағына әсер ететінін жиі атап өтеді. Студенттер бұл ұстанымды іс жүзінде дәлелдеп отыр.
Колледж жастары мен ұстаздары өз еркімен қаржы жинап, орталықтағы мүмкіндігі шектеулі балаларға тұрмыстық заттар, арнайы арбалар және тәтті сыйлықтар табыстады. Қайырымдылық акциясының мақсаты материалдық көмекпен шектелген жоқ. Еріктілер орталық тәрбиеленушілеріне рухани қолдау көрсетуді де басты назарға алды.
Студенттер шағын концерт ұйымдастырып, балалармен ашық әңгімелесті. Жылы жүздесу орталық тәрбиеленушілерінің көңілін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.
Колледж оқытушысы Раушан Құлмырзақызы акцияның тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды:
«Біздің жастар болашақтың кәсіпкерлері, көшбасшылары. Олар кәсіби біліммен қатар, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруі тиіс. Осындай бастамалар жастардың жанашырлық сезімін арттырады», – деді ол.
Әлеуметтік орталықтың әдіскері Әлия Балтабаевна студенттердің ықыласына алғысын жеткізді:
«Жастар жай ғана көмек әкеліп қойған жоқ. Олар орталық тәрбиеленушілерімен емен-жарқын әңгімелесіп, көңіл бөлді. Мұндай кездесулер балаларды қоғамнан тыс қалмағанын сезіндіреді», – деді ол.
Акция менеджмент және маркетинг циклінің онкүндігі аясында өтті. Студенттер үшін бұл шара әлеуметтік жобаларды ұйымдастыру, командада жұмыс істеу тәжірибесін жетілдіруге де септігін тигізді.
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің жастары осындай игі істер арқылы саналы, әлеуметтік белсенді ұрпақ қалыптастыруға үлес қосып келеді. Мейірімділік – қоғамды біріктіретін күш. Жастардың осындай бастамалары елдің ертеңіне сенімді арттыра түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







