Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасының тоқтатылу себебін түсіндіріп, оның орнына жаңа әрі тиімді тетіктер ұсынылатынын жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағдарлама бастапқыда Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жас маманды қамтыған еді. Баспаналар 3-5 жыл мерзімге айына 5 000-15 000 теңге аралығында жалға беріліп келді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарға уақытша баспана беріп, өз баспаналарының бастапқы жарнасын жинауға жағдай жасау болатын.
Министрдің айтуынша, бағдарлама шарттарында бастапқыдан-ақ жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылмаған.
«Кейбір қатысушылардың жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге ниеті болғанын түсінеміз. Бірақ мемлекеттік шешім заңға негізделуі керек. Егер шартта сатып алу мүмкіндігі көрсетілмесе, оны өзгерту басқаларға қатысты әділетсіздік болар еді», – деді Балаева.
Бұдан былай…
Оның айтуынша, бағдарлама ресми түрде тоқтатылып, жалға берілген баспаналардың тағдырын енді жергілікті әкімдіктер шешетін болады.
Сонымен қатар, жастарға арналған жаңа қолдау құралдары енгізілуде. «Отбасы банкімен» бірлесіп, барлық 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша 12 мыңнан астам жас маман баспаналы болды, оның ішінде 1,6 мыңнан астамы бұрынғы жалдамалы бағдарлама қатысушылары.
Сондай-ақ «Отау», «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары арқылы жастардың баспаналы болу мүмкіндігі артты. Бүгінде мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.
Балаева жалдау мерзімі жақында аяқталатын жастарды келісімшартта белгіленген тәртіппен әрекет етуге шақырды, ал мерзімі әлі аяқталмағандар жалдау шартында көрсетілген уақытқа дейін тұра береді.
Министр баспана мәселесін шешуде жастарға нақты әрі тұрақты мүмкіндік беретін жаңа механизмдерді енгізу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







