Алматы облысында 2025 жылы жастарды қолдау шаралары қарқынды жүргізіліп, нақты нәтижелермен қорытындыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өткен жылы жастар саясаты өңірде ерекше басымдыққа ие болып, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру сапасын арттыру, волонтерлікті қолдау және жастар инфрақұрылымын жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар атқарылды.
NEET-тен нетворкке дейін
Жыл қорытындысына сәйкес, 27 360 жас азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 14 094 жас жеке бастамалары арқылы кәсіп ашып, еңбек етсе, 6 927 жас «enbek.kz» порталы арқылы жұмыс тапқан. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына 3 852 жас тартылды. Олар жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны және ұрпақтар келісімшарты сынды тиімді бағдарламалардың игілігін көрді.
Осының нәтижесінде NEET санатындағы жастардың саны бір жыл ішінде 45 994-тен 27 074-ке дейін төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 18 920 адамға қысқарған. Бұл аймақтағы жастар саясатының нақты жемісі болып отыр.
Жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында «Бизнес бастау» жобасы бойынша 910 жас азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 91 жасқа 400 АЕК (шамамен 1,5 млн теңге) көлемінде мемлекеттік грант берілді. Сондай-ақ, 254 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтті.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты өңірлік грант шеңберінде 10 жас маманның әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде қаржы табысталды. Алматы облысы әкімінің дәстүрлі «Заңғар» сыйлығы да табысталып, тағы 10 үздік жас 5 млн теңгеден марапатқа ие болды. Ауыл жастарының белсенділігін арттыруға бағытталған «Umtylys» байқауы ерекше қызығушылық туғызды.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында облыста 1000 жас азамат маусымдық жұмысқа тартылды. Оның ішінде 800-і – ауылдың жас азаматтары. Алдағы жылы тағы 1000 жасты осы бағдарлама бойынша жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, жастар еңбек жасақтарын құрылыс, аграрлық және инженерлік-техникалық бағыттар бойынша жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.
Волонтерлік қанат жайған өңір
Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарында 4 жаңа жастар орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Облыс орталығы Қонаев қаласында жастарға арналған заманауи коворкинг орталығы жұмысын бастады. Алдағы 2026 жылы Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында тағы 4 орталықты іске қосу жоспарланып отыр.
Жастар арасында волонтерлік қозғалыс та ерекше серпін алды. Осы бағытта арнайы volunteers05.kz электронды платформасы іске қосылып, бүгінде облыс бойынша 3 мыңнан астам белсенді волонтердің базасы жасақталды. Алматы облысы «Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында «Ең мейірімді аймақ» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығымен өңірдің 5 волонтерлік ұйымы марапатталды.
Жалпы, жастарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, кәсіби әлеуетін жетілдіруге мүмкіндік берді. Алматы облысындағы бұл оң өзгерістер жастардың тұрақты дамуына айтарлықтай серпін берді.
Алматы облысында заманауи инновациялық экожүйе қалай қалыптасып жатқанын білесіз бе?

