Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов мүгедектігі бар ересек адамдардың қамқоршыларының әлеуметтік қорғалмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда ересек жастағы, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған, соның ішінде психикалық аурулары бар азаматтарға қамқорлық көрсетуші адамдардың еңбегі мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде бағаланбай отыр.
– Олардың емделуін, күнделікті өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау сияқты барлық міндет қамқоршылардың мойнына артылған. Бұл қамқоршылар тәулік бойы жауапкершілікті өз мойнына алады. Алайда қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесі олар үшін ешбір базалық әлеуметтік кепілдікті қарастырмайды, – деді депутат.
Соның салдарынан, ересек жастағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын азаматтар зейнетақы жинақтарын қалыптастыру мүмкіндігінен айырылып, өздері де болашақта әлеуметтік қауіп-қатерге тап болуы мүмкін.
Депутат бұл мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Еуропалық одақ және ЭЫДҰ мемлекеттерінде осындай қамқоршылық қызмет әлеуметтік маңызды еңбек ретінде мойындалады. Көптеген елдерде мұндай қамқоршыларға мемлекет тарапынан арнайы өтемақы төленіп, олардың қамқоршылық кезеңі еңбек өтіліне енгізіліп, мемлекет есебінен зейнетақы жарналары аударылады.
Осыған орай, депутат Әділ Жұбанов Қазақстан үкіметіне нақты ұсыныстар жасады:
Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған ересек адамдардың қамқоршыларына мемлекет тарапынан арнайы төлемдерді белгілеу;
Қамқоршылық кезеңін еңбек өтіліне қосу;
Қамқоршылық кезеңінде зейнетақы жарналарын мемлекет есебінен аудару;
Осы санаттағы қамқоршылардың құқықтық мәртебесін әлеуметтік қорғау субъектісі ретінде заң жүзінде бекіту.
– Шын мәнінде, бұл адамдар мемлекеттің ең күрделі әлеуметтік міндетін өз мойнына алып отыр – өздігінен өмір сүре алмайтын азаматтарға күнделікті қамқорлық жасайды. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың маңызын мойындаса да, оларға қамқорлық жасайтын адамдарды толыққанды қолдамай отыр. Егер біз шын мәнінде әділ және әлеуметтік мемлекет құруды мақсат етсек, қамқоршылардың еңбегі заңнамалық деңгейде мойындалып, қорғалуы тиіс, – деп атап өтті депутат.
Ақ үй әлемдік тәртіптің өзгеріп жатқанын айқын көрсететін баяндамасын жария етті. Жаңа құжат қарапайым талдау емес, АҚШ үкіметінің ресми ұстанымын білдіретін стратегиялық сигнал деседі мамандар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







