Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасына арналған мазмұнды жиын өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қатысып, ел дамуы үшін айрықша маңызы бар құжат төңірегінде ой бөлісті.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп, сөз басында жаңа Конституцияның тек құқықтық қана емес, рухани құжат екенін атап өтті.
– Жаңа Конституция еліміздің рухани бағдарын айқындайтын басты құжат. Бұл Ата Заңда әділеттілік, жауапкершілік пен азаматтық сана сияқты ұғымдар көрініс табуы қажет. Осы тұрғыда жазушылардың айтары бар, себебі Конституциядағы әр сөз – халықтың жанын, рухын білдіретіндей болуы тиіс, – деді Мереке Құлкенов.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Конституция жобасындағы тіл, мәдениет және руханият мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Конституция – ұлттық болмысымызды сақтап, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін құжат болуы керек. Қазақ тілінің мәртебесі, мәдени мұра мен шығармашылық еркіндік нормалары бұл жобаға толық енгізілді. Бұл – мемлекет тарапынан руханиятқа көрсетілген айрықша қамқорлықтың белгісі», – деді депутат.
Саясаттанушы Айдос Сарым Конституцияның қоғамдық-саяси өмірге тигізер ықпалын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның ерекшелігі – мемлекет пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты қайта құруында. Бұл құжат азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігін күшейтеді. Конституцияның өміршең болуы – оны халықтың қабылдап, ұстануына тікелей байланысты», – деп пікір білдірді Айдос Сарым.
Жиында сөз сөйлеген тілші-ғалым Анар Фазылжан Конституцияның мәтінінде қазақ тілінің тазалығы мен дәлдігіне көңіл бөлу қажет екенін айтты.
– Конституция мәтінінің тілдік нақтылығы мен дәлдігі аса маңызды. Себебі Ата Заң – ұлттық құқықтық мәдениетті қалыптастыратын басты құжат. Сондықтан бұл құжаттың тілі халыққа түсінікті әрі жатық болуы тиіс, – деді ғалым.
Басқосуда шығармашылық зиялы қауым өкілдері Конституцияның рухани мазмұнына ерекше мән берді. Олар жаңа Конституцияны тек заңдық тұрғыдан ғана емес, азаматтардың рухани болмысын жаңғыртып, қоғамдық сананы көтеруге бағытталған құжат ретінде қабылдауды ұсынды.
Жалпы, бұл жиын – шығармашылық интеллигенцияның Конституциялық реформаны талқылауға қосқан маңызды үлесі болды. Пікір алмасу нәтижесінде Конституция жобасының рухани мазмұны айқындалып, қоғамның дамуы үшін аса қажетті идеялар ортаға салынды.
Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына кіруге жарты ғасырлық тыйым салынды. Кремль билігі бұған әзілкештің соғысқа қатысты сыны мен қаржылық заңмананы бұзуын себеп қылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

