Жетісу облысында соңғы үш жылда жалпы ауданы 1 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынып, 13 498 отбасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның ішінде 2 362 пәтер әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға, ал 388 баспана апатты үйлерде тұрған тұрғындарға табысталды. Биылғы жылдың 11 айында өңірде 338 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілген.
Әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары да қарқынды жүріп, өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрады. Осы бағытта жалпы саны 276 нысан жаңартылды.
Білім саласында 19 жаңа нысан бой көтеріп, тағы 22 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде бейімделген мектептердің саны 69-дан 38-ге азайды. Аймақта бүгінде үш ауысымда оқытатын немесе апатты жағдайдағы мектеп тіркелмеген.
Денсаулық сақтау саласы да елеулі нәтижеге жетті. Осы кезеңде 149 жаңа нысан ашылып, тағы 13 мекеме күрделі жөндеуден өткізілді.
Өңірдің құрылған уақытынан бастап 39 спорт кешені мен 34 мәдениет мекемесі толықтай жаңартылды. Инвесторлардың қолдауымен Талдықорғанда заманауи жабық мұз аренасы, төрт қабатты спортшылар үйі және екі үстел теннисі орталығы салынды. Бұл бастамалар аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жаңа серпін берді.
Өткен жылы Жетісу облысында құны 10,5 млрд теңге болатын жаңа су электр станциясы ашылды.

