Жетісу облысында жер сілкінісінен кейін тұрғындарға арналған жедел желі іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, мамандар 8 (7282) 32-44-36 нөмірі арқылы азаматтарға кеңес беріп, сұрақтарына жауап береді.
4 маусым күні сағат 21:19 шамасында Алматы, Алматы облысы, Жетісу және Абай облыстарының тұрғындары жер дүмпуін сезген. Ең қатты тербеліс Жетісу облысында байқалды. Жаркент қаласында жер сілкінісінің күші 4 балл, Текелі мен Сарқанда 3 балл болған.
ТЖМ жедел қызметтері жергілікті атқарушы органдарды, полицияны және бейінді қызметтерді хабардар еткен. Қазір өңірдегі жағдай тұрақты.
«Қазселденқорғау» гидробекеттерінің бақылаушылары гидротехникалық нысандарды тексерді. Деформация мен жарықтар анықталған жоқ.
Министрлік мәліметінше, зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат түспеген. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
ТЖМ тұрғындарды сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







