Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған өңір активінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеңеске аудан және қала әкімдері, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығымен конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылғанын атап өтті.
– Бұл комиссия құрамына біздің облыстан облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева енгізілді. Осы уақытқа дейін Конституциялық комиссияның алты отырысы өтті, – деді облыс басшысы.
Жаңа Конституция жобасына жан-жақты түсіндірме берген Гүлнар Тойлыбаева Конституцияның 77 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтты.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформа ел тарихындағы маңызды әрі жауапты кезең екенін ерекше атап өтті.
– Негізгі заңның жаңа жобасы – сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің жарты жылға жуық еңбегінің жемісі. Құжаттағы өзгерістер мемлекеттің адамға бағытталған сипатын күшейтуге бағытталған. Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты конституциялық бағдар ретінде бекітіліп отыр. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасауды өз жауапкершілігіне алады.
Жоба әрбір адам өзінің маңыздылығын сезіне алатын қуатты, заманауи Қазақстанның негізін қалап отыр. Өңір тұрғындары осы реформаның ел мен облыс үшін мән-маңызын жақсы түсініп, оған кең қызығушылық білдіруде, – деп қорытындылады Бейбіт Исабаев.
Кездесуде өңір активі конституциялық өзгерістерді бірауыздан қолдап, тұрғындарды осы мәселеге кеңінен тарта отырып, ашық және жан-жақты талқылаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Күні кеше ғана Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісу облысында вегетация кезеңге дайындық және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кеңес өткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

