Ақсу ауданына қарасты Көлтабан ауылында 25 орындық шағын орталығы бар, 120 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Білім ошағы бұрын бейімделген ғимараттың орнына салынған. Ескі мектепте асхана, спорт залы мен мәжіліс залы болмаған, ал оқушылар тек 9-сыныпқа дейін ғана білім алып, 10-11-сынып оқушылары өзге елді мекендерге тасымалданатын.
Мектептің ашылу салтанатында ауыл тұрғындарын облыс әкімінің атынан өңір басшысының орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын теңестіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мектеп ғимараттарын жаңарту және материалдық-техникалық базаны нығайту кезең-кезеңімен іске асырылуда. Көлтабан ауылындағы жаңа мектеп осы жұмыстың нақты нәтижесі ретінде аталды.

Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда пәндік кабинеттер, ІТ сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана мен зертханалар қарастырылған. Ашылу барысында Диас Есдәулетов химия кабинетін жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтуға арналған сертификатты табыстады. Ұстаздарға еңбектеріне табыс, ал оқушыларға сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуды тіледі.
Үш қабатты мектеп ғимаратында 11 пәндік кабинет, екі шеберхана, асхана, спорт және акт залдары, кітапхана бар. Сонымен қатар 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталық та жұмыс істейді. Бұған дейін бұл орталық тек түске дейін ғана қызмет көрсетсе, жаңа мүмкіндіктердің арқасында енді толық жұмыс күніне көшкен.
Жаңа мектептің іске қосылуы Көлтабан ауылы үшін білім беру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға да серпін бермек.
Айтпақшы, Жетісу облысында соңғы үш жылда жалпы ауданы 1 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынып, 13 498 отбасы жаңа баспанаға ие болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

