Жетісу облысында қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында ақын өлеңдеріне жазылған әндерден «Есіңе мені алғайсың» атты облыстық ән байқауы өтті. Талдықорғандағы Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияда өткен байқауға Жетісу өңірінің аудан-қалаларынан жиналған 16-35 жас аралығындағы 29 әнші қатысты. Байқау дәстүрлі ән және эстрадалық ән сияқты екі номинация бойынша ұйымдастырылды.
– Ақынның терең де әсерлі өлеңдеріне ән жазған композиторлар өте көп. Сол әндер халықтың жүрегінен орын алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл байқау арқылы біз Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттап, жастар арасында өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруды көздейміз, – деді Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен гала-концерт өтеді деп жоспарланған. Байқаудың қазылар алқасы құрамына өңірдегі мәдениет және өнер саласының танымал тұлғалары енді.
Мерейтойға арналған тағы бір ерекше шара – Б. Римова атындағы академиялық драма театры ұсынған «Мұқағали» моноспектаклі болды. Эксперименттік жоба ретінде театр фойесінде қойылған спектакльдің басты кейіпкерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер әрі қойылымның режиссері Сафуан Рысбайұлы сомдады.
– Моноспектакль ақынның ішкі әлемін, жан тебіренісін, махаббат пен мұңға толы тағдырын көрерменге жеткізеді. Қойылымда ақынның өмірі мен шығармашылығы бес негізгі кезеңге бөлініп бейнеленеді, – деді спектакль режиссерлерінің бірі Ұлан Ахметов.
Қойылымның жалпы ұзақтығы 45 минутты құрайды. Оның композиторы – белгілі сазгер Тұрсынжан Шапай. Ақын рөліндегі Сафуан Рысбайұлынан бөлек Дархан Дүйсенов, Күнекей Мұхтархан, Ариза Асқарова, Қарақат Шындәулет, Әсем Мұратова секілді актерлер өнер көрсетті.
Сонымен қатар облыста мерейтой аясында поэзиялық кеш, тақырыптық экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер секілді бірқатар шаралар жалғасуда.
Жақын уақытта «Астана – Талдықорған» бағытындағы жаңа теміржол қатынасы іске қосылады. Елдің өтінішін ескерген Көлік министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» жаңа маршрутты сәуір айында іске қосуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

