Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыс бойынша бірқатар маңызды инженерлік іс-шаралар атқарылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір аумағында қауіпті саналатын аймақтарда ұзындығы 3 шақырымды құрайтын қорғаныш бөгеттері тұрғызылып, қайта жөнделді. Бұдан бөлек, 14,8 шақырымдық су бұру арналары мен арықтар қазылып, өзендер мен каналдардың 11 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Сонымен қатар, өзен арналарының 13 шақырымдық бөлігі тереңдетіліп, арна түзеліп, жағалаулар бекітілді.
Бұл шаралар кешені елді мекендерді су басу қаупін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекті профилактикалық рейд барысында Каратал өзеніндегі инженерлік жұмыстардың барысын тексерді.
Қазіргі уақытта шамамен екі мыңға жуық тұрғын мекендейтін Тастөбе мен Қаражиде ауылдарының маңында өзен арнасын тереңдету, механикалық тазалау және жағалауды бекіту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен бірге ұзындығы 11 шақырымды құрайтын топырақ үйінділі бөгет салынуда. Бұл жоба 2025 жылы басталған болатын және бірнеше жылға есептелген.

Мамандардың айтуынша, «Қазгидромет» кәсіпорнының метеорологиялық станцияларынан алынған мәліметтер бойынша облыстың солтүстік және шығыс бөліктерінде қар қоры қалыпты мөлшерде, ал өңірдің өзге бөліктерінде нормадан 11–31%-ға төмен деңгейде тіркелген.
Сондай-ақ облыс көлемінде каналдар, арықтар және су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Алдағы уақытта республикалық «Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіліп, авариялық-құтқару қызметтері мен жедел әрекет ету жасақтарының дайындығы тексерілмек.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісу облысында вегетация кезеңге дайындық және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кеңес өткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

