Жетісу облысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты жиын өтіп, аймақтағы саланың бірқатар мамандарына еселі еңбегі үшін мемлекеттік наградалар тапсырылды. Сол сияқты 16 номинация бойынша үздіктер анықталды, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиынға қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған өңір басшысы мереке қарсаңында Президенттің Бикен Римова атындағы драма театрына 50 жылдық мерейтойына орай академиялық мәртебе беру туралы ұсыныс білдіргенін атап өтті. Сондай-ақ жерлесіміз, актер, театрдың көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын Мемлекет басшысының қолынан алған болатын.
– Мәдениет – тек іс-шаралардың жиынтығы ғана емес, ол – бүгінгі жаңа, әділетті қоғам құру жолындағы, сананы жаңғыртудағы басты бағыттың бірі. Өнер қашанда көңілді көркейтеді, жүректі тазалайды, жанға азық береді. Бұл ретте жасампаздыққа бастайтын да, қоғам құндылықтарын қалыптастыратын да – өркенді мәдениет, өрелі өнер. Осы киелі өлкеде мәдениет саласын заман талабына сай лайықты дамыту – біздің басты міндетіміздің бірі, – деді Бейбіт Исабаев.
Бұдан әрі марапаттау рәсімі атқарылып, үздіктер атап өтілді. Мәселен, «Құрмет» орденімен Мұхаметжан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның аспапшы әртісі Талғат Оразаев, Ә. Сарыбаев атындағы «Мәдениет саласының үздігі» атағымен Кербұлақ аудандық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Ләззат Құсайынова мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның балет бишісі Тоғжан Есенәлиева, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен мәдениет саласының қайраткері Елеусіз Жанпейісов марапатталды. Сол сияқты Мәдениет және ақпарат министрінің, Жетісу облысы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.
Оған қоса 16 номнация бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясында Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы жеңімпаз деп танылып, оған жеңіл автокөліктің кілті тапсырылды. Ал Ақсу аудандық халық театры «Үздік халық театры», құрылғанына 50 жыл толған талдықорғандық «Солнышко» үлгілі би ансамблі «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым», Қаратал аудандық мәдениет үйі «Үздік мәдениет үйі», «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі «Үздік музей», Көксу аудандық кітапханасы «Үздік кітапхана» атанды. Жалпы 16 номинация бойынша марапаттар беріліп, соның ішінде тұтас ұжымдар да, жекелеген өнер иелері де атап өтілді. Номинация жеңімпаздарына ақшалай сыйлық, статуэтка және диплом табысталды.
Үздіктер қатарынан көрінгеніне Көксу ауданының кітапханасының ұжымы дән риза.
– Өзім мәдениет саласында 14 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біз бүгін ауызбірлігіміздің, табанды еңбегіміздің арқасында «Үздік кітапхана» номинациясында топ жардық. Кітапханада 18 адам жұмыс істейді. Бізде 45 мыңнан астам кітап қоры бар. Қазіргі кезде кітапханада мерейтойлық шаралар, жазғы фестивальдар ұйымдастырылуда. Бұдан басқа да өткізетін іс-шараларымыз өте көп. Мұның барлығы өскелең ұрпақты, оқырмандарды кітапқа баулуға, оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталады. Барша әріптестерімнің еңбектері жемісті болсын деймін, – деді кітапхана директоры Айгерім Түстікбаева.
«Үздік театр» атанған Ақсу халық театры да бұл жетістікті ұжымның еселі еңбегінің жемісі деп біледі.
– Театрдың негізін қалаушы аталарымыздың аманаттап кеткен өнерін жалғау – біздің парызымыз. 2011 жылы жаңа құраммен қайта құрылған Ақсу театры бүгінгі марапатқа дейін біршама тәжірибе жолынан өтті. Ақтөбе, Атырау, Түркістан қалаларында түрлі республикалық фестивальдарға қатысып, жүлделі орындардан көріндік. Өткен жылы «Бөрібай» тарихи драмасын сахналадық, оған 60 шақты адам қатысты. Бұдан былай да өнерімізді шыңдап, мәдениеттің дамуына, халықты рухани құндылықтармен сусындатуға атсалысамыз деп сендіремін, – деді Ақсу халық театрының жетекшісі Арда Елубаева.
Мерекелік шара концертпен түйінделді.
Атап өтсек, Жетісу облысы құрылғаннан бері мәдениет, архив саласының штат саны 200 бірлікке артып, 2300 адамнан асты, бюджеті 83%-ға өсті. Ал саланың инфрақұрылымын жаңарту 40% жетті. Қазір облыста 315 мәдениет, архив мекемелері жұмыс істейді.