Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай өңірдегі нәзік жандылармен салтанатты кездесу өткізіп, арнайы құттықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы академиялық драма театрында ұйымдастырылған мерекелік шараға облыстың түкпір-түкпірінен әр салад еңбек етіп жүрген 500-ге тарта әйел жиналды.
Театр ғимараты көктем мерекесіне сай гүлмен көмкеріліп, салтанатты түрде безендірілді. Жиынға келген қонақтарға бір шоқ жауқазын гүлдері мен естелік сыйлықтар, арнайы құттықтау хаттары табыс етілді.
Өңір басшысы өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы ерекше рөлі мен олардың еңбегіне тоқталды:
– Қазақ қоғамында әйелдің орны әрқашан биік болған. Ана мен баланы қолдау, отбасы институтын нығайту бүгінде мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналды. Әрбіріңіз үйдегі тіршілік пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүріп, ел дамуына зор үлес қосып келесіздер. Сіздердің бойларыңыздағы жауапкершілік, еңбекқорлық, жаңашылдық қасиеттер қоғамымызды алға жетелеуге, жақсы бастамаларға тың серпін береді. Атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Бейбіт Исабаев.
Салтанатты рәсім барысында облыс басшысы бірқатар әйелдерге мемлекеттік наградаларды тапсырды. Атап айтсақ, «Еңбек даңқы» орденінің І дәрежесімен шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова, «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ дәрежесімен «Үштөбе-Айдын» ЖШС құрылтайшысы Айбарша Бескемпірова марапатталды. Бұл екі азаматша мемлекеттік награданы Мемлекет басшысының қолынан Астана қаласында алған болатын.
Әйелдер марапатталды
Сонымен қатар, «Құрмет» орденін Жетісу облысының қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова мен облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Эльмира Жырғалбаева иеленсе, Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебінің директоры Нұргүл Арпабекова мен Алакөл аудандық мансап орталығының директоры Ләззат Қосантаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді. Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының аға мейіргері Бақытгүл Иманбекова «Шапағат» медалімен марапатталды. Сол сияқты Қаратал ауданынан келген зейнеткер педагог, Қ.Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридоноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Дәния Қыдырбаева Президенттің арнайы құттықтау хатына ие болды.
Сондай-ақ облыстың он көпбалалы анасы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталды.

Жиында сөз алған марапат иелері ерекше тебіреніп, алғыстарын білдірді.
– Білім саласында еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты. Бүгін алған «Ерен еңбегі үшін» медалі – менің ғана емес, тұтас педагогикалық ұжымымыздың ортақ жеңісі деп санаймын. Мемлекет басшысына осындай жоғары марапатқа лайық деп танығаны үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Кербұлақ ауданындағы Қоғалы орта мектебінің директоры Нұргүл Арпабекова.
Өз кезегінде Панфилов ауданынан келген мәдениет ардагері Айнагүл Хайбуллаева да өзінің ізгі тілегін жеткізді:
– Мен зейнеткермін, бірақ шығармашылықтан қол үзген жоқпын. Отбасымызбен ансамбль құрып, өнер көрсетіп келеміз. Әсіресе, репертуарымызда анаға, туған елге арналған әндер көп. Жақында ғана ауылымызда концерт ұйымдастырдық, көрермендеріміздің алғысы біз үшін ең үлкен сыйлық. Бүгінгі шараға шақырғаны үшін өте қуаныштымын. Барлық әйелдерге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін, – деді ол.
Осы ізгі тілектерге Текелі қаласындағы «Суффле Қазақстан» ашытқы зауыты өндірістік цехының басшысы Наталья Андрютина да қосылды:
– Мен еңбек жолымды осы зауытта лаборант болып бастағанмын. Қазір өндірістік цех басшысы болып еңбек етудемін. Бүгінгі мерекеге арнайы шақырылып, еңбегіміздің еленгеніне ризамын. Барлық әйелдер қауымына шын жүректен бақыт, отбасылық жылулық пен көктемдей көңіл-күй тілеймін, – деді ол.
Ал медицина саласында 37 жыл, оның ішінде 30 жыл жансақтау бөлімінде жұмыс істеген Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының аға мейіргері Бақытгүл Иманбекова:
– Біздің еңбегіміздің бағаланып жатқаны қуантады. Барша әріптестерімді, мерекеге жиналған әйелдерді құттықтаймын, әрдайым елімізде береке-бірлік болсын, – деп тілегін білдірді.
Жиын соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Айта кетейік, осындай салтанатты құттықтау шаралары облыстың барлық аудан-қалаларында өткізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







