Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы экономика және сауда министрлерінің 14-ші кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Түркі елдері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды нығайту мен өзара ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған нақты қадамдар талқыланды.
Кездесуге ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев бастаған, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан өкілдері қатысты. Шара жұмысына ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев және Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдад Әміреев белсене араласты.
Жиынды ашқан Асан Дарбаев Ұлы Жібек жолындағы тарихи әрі рухани қала Түркістанда кездесудің символдық маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгінде Түркі әлемі бірлескен диалог алаңынан практикалық ынтымақтастықтың нақты тетігіне айналып келеді. Ендігі міндет жаңа құн тізбегін құру, өзара сауданы кеңейту және инвестициялық серіктестікті нығайту, – деді ол.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ТМҰ елдері арасындағы сауда айналымы 11,9 млрд доллардан асқан. Қазақстанның тауар айналымы Өзбекстанмен – 4,3 млрд доллар, Түркиямен – 4,9 млрд доллар, Қырғызстанмен – 2 млрд доллар, Әзербайжанмен – 425 млн долларды құрады.
Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Соңғы 20 жылда ТМҰ елдерінен Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 6,3 млрд доллардан асты. Тек 2025 жылы осы көрсеткіш шамамен 210 млн долларға жетті. Қазақстанның Түркі мемлекеттеріне салған инвестициялары жалпы алғанда 5 млрд доллар шамасында.
Қазір елімізде ТМҰ мемлекеттерінің қатысуымен 12 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде өнеркәсіптік кооперацияға елеулі үлес қосып отырған 1300-ден астам бірлескен компания бар.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттерінің экономикалық әлеуетін арттыруда көлік-логистикалық және инвестициялық ынтымақтастықты күшейтудің маңызын ерекше атап өткен болатын. Бұл бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы ретте қордың қаржыландыруына дайын, басым жобалардың нақты тізімін жасауды ұсынамыз», – деді Асан Дарбаев.
Кездесуде саудадағы кедергілерді жою, көлік бағыттарын жетілдіру және цифрлық сауда құралдарын дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Бұл ретте Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орта дәліздің стратегиялық рөлі атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің экономика, сауда, инвестициялар мен қаржы саласындағы ынтымақтастығын қамтитын Жол картасы бекітілді. Құжат алдағы бірлескен жұмыстардың басым бағыттары мен оларды жүзеге асырудың нақты механизмдерін белгілейді.
Контекст
Шараның негізгі оқиғасы – министрлердің келісімдерін бекіткен кездесудің қорытынды коммюникесіне қол қою рәсімі болды.
Сондай-ақ, ұйымға мүше елдер арасында сауда саласындағы серіктестік туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Қабылданған шешімдер Түркі елдерінің экономикалық интеграцияны күшейтуге, заманауи технологиялар мен тұрақты өсімге негізделген ынтымақтастықты дамытуға деген нақты ұмтылысын көрсетеді.
Айтқандай, тілшілерімізге Кентау қаласында соңғы үш жылда 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, қаладағы тұрғын үй қорының 85 пайызы жаңғыртылғанын Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

