Қазақстанда 12 наурыздан бастап жол ережесін бұзудың жаңа түрлері автоматты түрде камерамен анықтала бастайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа ережелер Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілген өзгертулер аясында күшіне енеді. Өзгеріс тек Алматыда ғана емес, бүкіл республика аумағында қолданылады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шара жаңа айыппұлдарды енгізуге емес, қолданыстағы ережелерді бұзу деректерін анықтаудың автоматты тәсілдерін кеңейтуге бағытталған.
Камералар енді қандай бұзушылықтарды анықтайды?
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол камералары жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тақпауын немесе көлік жүргізіп келе жатып телефон қолдануын автоматты түрде тіркейді. Бұрын мұндай ережелердің бұзылуын тек жол-патрульдік полиция қызметкерлері ғана анықтайтын.
Бұдан басқа, автоматты жүйе арқылы жүргізушінің құжаттарына байланысты бұзушылықтар да анықталады. Атап айтқанда:
техникалық байқаудың мерзімін өткізіп алу;
сақтандыру полисінің болмауы.
Сондай-ақ жүйе жолда кептеліс тудыру немесе сыртқы жарық шамдарын дұрыс қолданбау секілді заң бұзушылықтарға автоматты түрде ескерту жасай алады.
Бұған дейін қандай бұзушылықтар анықталатын еді?
Автоматты камералар осы уақытқа дейін тек алты түрлі заң бұзушылықты тіркеп келді:
жылдамдықты асыру;
бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту;
жол белгілері мен таңбаларының талаптарын бұзу;
дұрыс емес тоқтау немесе көлікті қате тұраққа қою;
басып озу мен жолда орналасу ережесін бұзу;
жаяу жүргіншілерге жол бермеу.
Бұл шараның маңыздылығы қандай?
Елімізде жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен болады. Мысалы, 2025 жылдан бері 9 мыңнан астам жол-көлік оқиғасының 8 мыңға жуығы дәл жүргізушілердің жауапсыздығынан болған.
Сарапшы Әсел Байдаулетованың айтуынша, бұған бірнеше себеп бар: шаршау, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану және бейқамдық. Көліктер саны өсіп келеді, бірақ жолдар мен қозғалысты ұйымдастыру деңгейі бұған ілесе алмай отыр.
Автожол маманы Алексей Алексеев қауіпсіздік белдігін тақпаудың ауыр салдары туралы айтты:
«Жол-көлік оқиғасына келесің: бір жүргізуші көліктің алдыңғы әйнегінен ұшып кетіп қаза тапқан, екіншісі көлігі бірнеше рет аударылғанымен аман қалған. Оның аман қалу себебі – қауіпсіздік белдігін таққаны. Кейбір азаматтар осындай қарапайым қауіпсіздік шараларын елемей, салдары туралы ойланбайды».
Осыған байланысты полиция қызметі жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысы ережелерінің сақталуын камера арқылы бақылауды күшейтуді қолға алып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







