«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған ауқымды шаралар кешені іске асырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кенішке жұмыс сапары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаевқа өндірістік бақылау жүйесін дамыту және қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша атқарылған жұмыс таныстырылды.
Қазіргі таңда кешенді бағдарлама аясында жоспарланған 45 іс-шараның 39-ы орындалды. Бірқатар шара тұрақты өндірістік жұмысқа енгізілген. Қалғаны іске асырудың қорытынды кезеңінде тұр. Кеніш қауіпсіздігін арттыруға және өндірісті дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 2,7 миллиард теңгеден асты.
Бағдарламаның маңызды бағытының бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші салалық ұйымдары тартылып, 2025-2026 жылдары сегіз кешенді зерттеу жүргізілді. Мамандар кен орнының газ режимін, гидрогеологиялық жағдайын, желдету жүйесін және тау жынысы массивінің соққы беру қаупін зерттеді.
Зерттеу нәтижелері өндірістік тәуекелді бақылау және алдын алу шараларын күшейтуге негіз болды. Осы арқылы кәсіпорында қауіпсіздікке қатысты қосымша техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер қабылданды.
Кеніш атмосферасы бақылауда
Кеніштегі аэрогаздық мониторинг жүйесін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Қазір жерасты атмосферасының жағдайы тәулік бойы бақыланады. Тау-кен қазбаларының цифрлық жылу картасы енгізілді. Стационарлық датчиктерден алынған мәлімет бірыңғай диспетчерлік орталыққа нақты уақыт режимінде түседі.
Өндірістік бақылауды күшейту үшін кәсіпорын 130 портативті газ талдағыш, 20 сынама алу құрылғысын және басқа да арнайы жабдық сатып алды. Өздігінен жүретін техника автоматты өшіру қызметі бар метан релелерімен жабдықталған. Экспресс-зертхана кеніш атмосферасын жедел талдауға мүмкіндік береді.
Байланыс, позициялау және персоналға хабар беру жүйелері де жаңартылып жатыр. Кеніште 7 шақырым кабель желісі қалпына келтірілді. Қосымша 15 шақырымнан астам сәулелендіргіш кабель тартылды. Жерасты қызметкерлерінің барлығы позициялау және апаттық хабарлау құралдарымен қамтылған.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жеке бейнетіркегіштер де енгізілуде. Жерасты учаскелерінің жұмыскерлері үшін 74 «Дозор» бейнетіркегіші және дерек жүктеуге арналған үш терминал сатып алынды. Жабдық өндірістік үдерісті тіркеуге, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға және жұмыс ортасына қосымша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Желдету жүйесін жаңғырту да жеке бағыт ретінде қаралды. Кәсіпорынның басты желдету қондырғылары күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде жүйенің өнімділігі секундына 200 текше метрге артты. Мұндай жаңарту жерасты қазбаларын желдету сенімділігін күшейтеді.
Сонымен қатар №1 және №2 желдету оқпандарындағы резервтік желдету қондырғыларын жобалау жұмысы жалғасып жатыр. Газсыздандыру шаралары да іске асырылуда. Бейінді сараптама ұйымдары кенішке тұрақты ғылыми-техникалық сүйемелдеу көрсетеді.
Мұқан Үңгітбаев жұмыс сапарын қорытындылай келе, өнеркәсіптік қауіпсіздік компания үшін негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, «Жомарт» кенішінде мониторинг жүйесін дамыту, желдету инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи бақылау технологияларын енгізу жұмысы жалғаса береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







