Алматы облысына қарасты Шеңгелді ауылында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жоба үшін жергілікті әкімдік тарапынан 1955 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда оның 700 гектарында мал азығын дайындауға арналған егістік жерді игеру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда суару үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару секілді заманауи әдістер қолданылады.
Жобаны жүзеге асыруға тартылатын инвестиция көлемі 15 миллиард теңгеден асады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары толықтай 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс. Осы жобаның іске қосылуының нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Толық қуатына шыққанда ферма жылына 13 миллион литр сүт өндіретін болады.
Жобаның басты екі технологиялық бағыты бар. Бірінші, жоғары сапалы мал азығын өндіру, екіншісі – тауарлы сүт өндірісі. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов арнайы жиын өткізіп, жергілікті халыққа жобаның артықшылықтарын таныстырды.
– Жаңа өндіріс орындарын құру, жергілікті халықты жұмыспен қамту Қонаев қаласы әкімдігінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Жобаның толық жүзеге асуын қолдап отырмыз. Мұндай ірі кәсіпорындардың ашылуы ауылдық жердегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді. Алдағы уақытта қаламызда 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылады, – деді әкім өз сөзінде.
Еске сала кетсек, өткен жылы Қонаев қаласына жалпы сомасы 100 миллиард теңгеден асатын инвестиция тартылған болатын.
Алматы облысының Шонжы ауылы маңындағы ыстық суларға өткен жылы 250 мыңнан астам турист келіп, ауданның экономикасы айтарлықтай дамыған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

