Жұлдызаралық 3I/ATLAS каметасы ерекше химиялық құрамымен астрономдардың назарын аударды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдар оның құрамында метанолдың (спирттің бір түрі) мөлшері өте көп екенін анықтады. Тіпті бұл көрсеткіш Күн жүйесіндегі өзге кометалармен салыстырғанда да әлдеқайда жоғары.
Чилидегі ALMA телескопымен жасалған бақылаулардың нәтижесінде комета ядросын қоршаған газ бен шаңнан құралған «комада» (комета айналасындағы бұлт тәрізді қабат) метанолдың ерекше көп екені байқалды.
Зерттеу барысында ғалымдар екі органикалық молекулаға метанолға (CH₃OH) және көгерткіш қышқылға (HCN) назар аударған. Әдетте, кометаларда бұл екі заттың қатынасы әлдеқайда төмен болады. Бірақ 3I/ATLAS кометасында метанолдың мөлшері HCN-мен салыстырғанда шамамен 70 және 120 есе көп екені тіркелді.
Бұл деректер комета материалының мүлдем басқа ортада қалыптасқанын көрсетеді. Бұған дейін Джеймс Уэбб телескопының бақылауы арқылы бұл комета ядросының айналасындағы комада негізінен көмірқышқыл газының басым екені анықталған еді. ALMA телескопының жаңа зерттеуі химиялық құрамдағы метанолдың ерекше көптігін көрсетті.
Зерттеушілердің пікірінше, көгерткіш қышқыл негізінен кометаның ядросынан тікелей бөлінеді, ал метанол комета ядросынан бөлек, мұз бөлшектерінен де пайда болады. Мұндай кішкентай мұз түйіршіктері шағын кометалар тәрізді әрекет етеді: күнге жақындағанда мұз еріп, газға айналып, метанолды бөледі. Бұл құбылыс Күн жүйесі кометаларында сирек кездеседі және алғаш рет басқа жұлдыз жүйесінен келген объектіде анықталып отыр.
3I/ATLAS біздің Күн жүйемізден тысқары келгені дәлелденген үшінші комета. Бұған дейін ғалымдар 1I/’Oumuamua және 2I/Borisov кометаларын зерттеген болатын. Олар да ерекше қасиеттерімен көзге түскен еді.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай зерттеулер басқа жұлдыз жүйелеріндегі планеталардың қалыптасу процестерін терең түсінуге жол ашады. Қорытындылай айтқанда, 3I/ATLAS кометасы – құрамында спирт мөлшері өте жоғары, ғарыштан келген ерекше дене ретінде тарихқа енбек.
Айтқандай, астрономдар ғаламдағы ең ірі әрі жарық жұлдыздардың өмірі туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







