Алматының экс-әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнар Досаева күйеуінен 165 есе көп табыс тапқан, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2024 жылғы декларация бойынша, қазіргі Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Досаевтың небәрі 14 млн теңге табыс көрсетсе, жұбайының жылдық кірісі 2,3 миллиард теңгеге жеткен.
Ерекең 2025 жылдың қыркүйегіне дейін Алматыны басқарған, ал былтыр желтоқсанда «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне мүше болып кірген болатын.
Президент Әкімшілігінің өзге қызметкерлерінің арасында табысын мүлдем көрсетпегендер де бар.
Айталық, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов нөлдік табыс декларациялағанымен, жұбайы 24,9 млн теңге тапқан. Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев те табыссыз қалған, бірақ жұбайы 48,3 млн теңге пайда көрсеткен. Мемлекет басшысының кеңесшісі Алексей Цойдың декларациясы бос, алайда жұбайының есебінде 1 млн теңге бар. Мемлекеттік инспектор Батыржан Байжұманов та табысын көрсетпеген, ал әйелі 2,6 млн теңге кіріс алған.
Жаңа ереже бойынша мемлекеттік қызметкерлер тек салық салынатын жалпы табысын көрсетеді. Банк шоттары, жылжымайтын мүлік секілді жеке қаржы деректері енді жарияланбайды. Тәртіп былтырдан бері күшіне енген.
Осыған дейін Ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғариннің әйелі де 2024 жылы инвестициялық бағалы қағаздардан түскен дивидендтер есебінен 89 миллион теңгеге жуық табыс тапқаны хабарланған еді.
Бұған дейін Қаржымин Мәди Тәкиев «шенділердің табысын халық неге көре алмайды?» деген сауалға мүдіріп жауап берген еді.
«Егер жыл бойы ешбір мәміле жасалмаса, шетелде активтер мен шоттар болмаса, көрсететін ештеңе де жоқ. Мысалы, биылғы менің өз декларациям бос», – деген болатын Тәкиев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

