Қырғызстанда күштік құрылымдар ішіндегі кадрлық өзгерістер үдей түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бішкек қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті бас басқармасының бұрынғы жетекшісі Эльдар Жақыпбеков қамауға алынып, астаналық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оны Әскери прокуратура тергеп жатқан іс аясында ұстаған. Қылмыстық істің мазмұны әзірге жарияланған жоқ.
14 ақпанда Бішкек қаласы бойынша ҰҚМК бас басқармасының жаңа басшысы болып Ұлан Бийбосунов тағайындалғаны белгілі болды. Оған дейін Жақыпбеков кадрлық резервте тұрған. Айта кетерлігі, оның ұсталғаны жөніндегі ақпарат 10 ақпанда тарағанымен, сол кезде ҰҚМК ресми түрде жоққа шығарған еді.
Саяси кеңістіктегі кадрлық ротация тек бір қызметкермен шектелмей отыр. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің жиені Нұрғазы Матисақов та қызметінен босатылғаны хабарланған. Соңғы апталарда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Тәшиевті қызметінен шұғыл түрде босатуы ел ішіндегі күштік блоктағы ықпал балансының өзгергенін аңғартты.
Тәшиев пен Жапаров ұзақ уақыт бойы бір саяси тандем ретінде қабылданып келген. Сондықтан кадрлық шешімдер тек әкімшілік қадам емес, элиталық конфигурацияның қайта құрылуы ретінде бағалануда. Жақыпбековтің қамауға алынуы, Матисақовтың қызметтен кетуі және жаңа басшылықтың тағайындалуы – билік ішіндегі ықпал топтарының ара салмағы қайта қаралып жатқанын көрсететін белгілер.
Қазір қоғам мен сарапшылар күштік құрылымдардағы өзгерістердің ауқымы мен салдарын бақылауда ұстап отыр. Тергеу нәтижесі жарияланған соң ғана бұл процестің саяси астары айқындала түспек.
Бұған дейін тілшілеріміз Қырғызстанның саяси алаңында тосыннан басталып кеткен тартыстың түйіні жуық арада шешілмейтінін жазған болатын. Сол шындыққа айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

