Көктемнің басында құстардың қорегіне ерекше назар аударған жөн. Зоологтар құстарға нанның қалдығын беруге болмайтынын ескертеді. Себебі нан құрамындағы бос көмірсулар құстың асқазанын толтырғанымен, ешқандай пайда бермейді. Тіпті нан құстың жемсауында тұрып қалып, шіріп, түрлі ауруға себеп болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құстар үшін ең тиімді қорек астық пен күнбағыс дәндерінен жасалған арнайы қоспалар. Дегенмен көктемде жемсауытқа ас үйден шыққан қалдықтардың бір түрін қосуға болады. Бұл жұмыртқаның қабығы.
– Біз күнделікті жұмыртқаның қабығын қоқысқа тастаймыз, ал шын мәнінде оның құрамында кальций мен минералдар өте мол. Әсіресе, ұя салу кезеңінен кейін құстарға кальций аса қажет болады, – дейді Help Wild Birds ұйымының директоры Морин Эйгер.
Маманның айтуынша, құстардың қорекке деген қажеттілігі жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Мысалы, қыста жылуды сақтау үшін құстарға майы көп жем керек болса, көктемде жұмыртқа қабығының пайдасы зор. Әсіресе аналық құстарға жұмыртқасын берік етіп салуға және сау балапан шығаруға көмектеседі.
«Көктем мезгілінде жұмыртқаның қабығы шымшық, торғай, сайрақ, шұбаршымшық секілді құстар үшін өте пайдалы», – дейді маман.
Алайда, жұмыртқаның қабығын жемсауытқа бірден сала беруге болмайды. Шикі жұмыртқаның қабығында сальмонеллез ауруын тудыратын сальмонелла бактериясы болуы мүмкін.
Піскен жұмыртқаның қабығын бірден ұсақтап беруге болады, өйткені ол қайнаған кезде залалсызданады. Ал шикі қабықты алдын ала 120 градус температурада пеште 20 минут қыздыру қажет. Суығаннан кейін ұсақтап, майдалап, содан соң ғана құстарға беруге болады.
«Ұсақталған жұмыртқа қабығын жерге, арнайы табаққа немесе жемсауыттың төменгі жағына, тұқымдардан бөлек жерге қойыңыз», – деп кеңес береді маман.
Ең бастысы жұмыртқаның қабығын тым ірі етіп қалдырмау керек. Құстар оны жей алмайды немесе үлкен кесектерге қақалып қалуы мүмкін. Сонымен қатар бүтін қабықты көрген құстар жұмыртқаны жем ретінде қабылдап, басқа құстардың ұясын бұза бастауы ықтимал. Сол себепті жұмыртқа қабығын өте ұсақ күйінде беру әлдеқайда қауіпсіз.
Тағы бір маңызды кеңес, әдетте құстардың жемі ылғалдан тез бүлінеді. Сондықтан жемсауытқа жемді аз мөлшерде салып, жиі жаңартып тұрған дұрыс. Егер жемсауыттағы жемнің көлемі өзгермесе, бұл оның бүлінгенін және құстардың оны жемейтінін білдіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







