Қазақстандықтар 2025 жыл үшін көлік салығын биылғы 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салық мөлшері әр көлік құралы үшін жеке есептеледі. Сомасы қозғалтқыш көлеміне байланысты, әрі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде анықталады.
2025 жыл үшін төленетін салық сомасы былтырғы, яғни 2025 жылғы АЕК мөлшеріне сай – 3692 теңге көлемінде есептеледі. Биылғы жылы оның мөлшері – 4325 теңге.
Нақты соманы Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы онлайн-калькуляторынан анықтауға болады. Ол үшін жылды, көлік құралын иеленген айлар санын, көлік түрі мен қозғалтқыштың көлемін көрсету керек.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексіне сай бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Атап айтқанда, ескі көліктерге салық жеңілдігі қарастырылған: шыққанына 10-20 жыл болған жеңіл көліктерге түзету коэффициенті 0,7, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін коэффициент 0,5 болады. Бұл жеңілдіктер алғаш рет 2026 жылдың қорытындысы бойынша, яғни 2027 жылы қолданылады.
Сонымен бірге қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын және Қазақстанда 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған немесе елге осы күннен кейін әкелінген көліктер үшін арнайы ставкалар алынып тасталды.
Шаруа қожалықтары мен фермерлер үшін әр шаруашылыққа бір пикап көлігіне салық төлеуден толық босату жеңілдігі қарастырылды.
Көліктің санаты бұдан былай көлік құралын тіркеу туралы куәлікте көрсетілген басқару құқығы санаты (A, B, C немесе D) бойынша анықталады. Салық есептілігі жеңілдетіліп, көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебін тапсыру міндеті де алынып тасталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






