Қазақстанда мектеп оқушылары үшін ең ұзақ әрі қиын саналатын үшінші тоқсан басталды. 8 қаңтардан басталған бұл тоқсан он аптаға жалғасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұзақтығы жағынан да, оқу жүктемесі жағынан да ауыр саналатын осы кезеңде әсіресе бірінші сынып оқушыларына айрықша қамқорлық жасалмақ. Оқу-ағарту министрлігі олардың оқу жүктемесін жеңілдету мақсатында қосымша демалыс қарастырды.
Соған сәйкес, 1-сынып оқушылары 2026 жылдың 9-15 ақпан аралығында 7 күн бойы демалады. Осылайша, кішкентай бүлдіршіндер ең қиын кезеңнің ортасында бір апта бойы тынығып, күш жинап алмақ.
Оқушылар 16 ақпанда қайта мектепке оралып, жалпы оқу кестесі бойынша сабақты жалғастырады.
Ал көктемгі демалыс кезеңі барлық оқушылар үшін бірдей болып белгіленді. Ол 2026 жылдың 19 наурызы мен 29 наурызы аралығында, яғни 11 күнге созылады. Осы қысқа демалыс та оқушыларға келесі тоқсанды сергек әрі тың көңіл-күймен бастауға мүмкіндік береді.
Биылғы оқу жылының соңы 25 мамырда аяқталады. Ұстаздар мен ата-аналар үшін де осы аралық үлкен жауапкершілік кезеңі. Білім саласының мамандары ата-аналардан балаларға қолдау білдіріп, осы ұзақ оқу кезеңінде балалардың сабағына, денсаулығына және көңіл-күйіне ерекше мән беруін сұрайды.
Айта кетелік, бұған дейін сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердің мәселесін май шаммен қарайтынын хабарлаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

