Құлсары қаласында қатарластарымен жанжалдасып, мектеп аумағында шабуыл жасаған 10-сыныптың 15 жастағы оқушысы ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға 5 ақпан күні тіркелген. Сол күні полицияның «102» нөміріне жергілікті мектептердің бірінде оқушының сыныптастарына шабуыл жасап, мектеп аумағынан қашып кеткені туралы хабарлама түскен.
«Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы өзімен сөзге келген сыныптастарына шабуыл жасап, оқиға орнынан бой тасалағаны туралы шұғыл хабар жетті», – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдікті жасөспірімді көп ұзамай анықтап, қамауға алған. Шабуыл салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.
Жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдер мен олардың ата-аналары мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір осы дерек бойынша «бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды және ішкі істер органдарының есебіне алынды. Істің материалдары процестік шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілді.
Сонымен қатар…
Күдіктінің ата-анасына да баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
Тергеу амалдары аясында қалалық білім бөліміне жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде нұсқама берілді. Сондай-ақ, оқиға болған мектептің басшылығы мен қауіпсіздікке жауапты күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Оқу-ағарту министрі Құлсарыда болған оқиғаға байланысты арнайы комиссия жөнелуді жоспарлап отыр. Жұлдыз Сүлейменова бұдан бөлек облыстың білім басшылығымен ауыр әңгіме өткізбекші.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

