Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Кірістерді төмендету бойынша камералдық бақылау туралы хабарламаларды орындау шаралары барысында 12 блогер өз еркімен 1,4 млрд теңге көлемінде қосымша табысын декларациялап, 73,6 млн теңге салық төлеген.
«Бүгінгі таңда барлығы 854 блогерге «кірісті төмендету» бойынша заңбұзушылықтар үшін 71,9 млрд теңге сомасында камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберілді. Орындау мерзімі – 30 жұмыс күні», — деп жазылған хабарламада.
Комитет мәліметінше, 71,9 млрд теңге көлеміндегі айырмашылықтар төленбеген салықтардың сомасы емес. Көрсетілген айырмашылық сомалары блогерлердің салық декларацияларында көрсетілмеген болжамды табыстарын білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін желіде блогерлердің тізімі тарады. Оның ішінде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның «2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені» көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Еске салайық, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салық хабарламалары 2025 жылы ақпанда 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.