Алматыда ұсталған блогерлер кім екені белгілі болды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Полицияның мәлімдемесі
Бүгін полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша Алматыда кәсіпкер мен екі блогерді ұстады.
«Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп жазылған хабарламада.
Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталғандар кімдер?
ҚазТАГ мәліметіне сүйенсек, ұсталған блогерлер – Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов.
«Көшеев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында қоғамдық тәртіпті бұзу туралы іс бойынша 15 тәулікке қамауға алынған болатын», — деп жазылған ақпаратта.