Айбек Дәдебай Қазақстанның тұңғыш Құрылтайының төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын отырысқа қатысқан 145 депутат түгел қолдаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтай төрағасы қызметіне Дәдебайдың кандидатурасын президент Тоқаев ұсынған еді. Мемлекет басшысы оның мемлекеттік басқару жүйесінде жинаған тәжірибесі мен кәсіби білігіне тоқталды.
«Сіздер оны жақсы білесіздер. Ол ұзақ уақыт мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқарды, мол тәжірибесі бар. Білімді, отаншыл әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін іс жүзінде дәлелдеді», – деді Президент.
Депутаттардың жабық дауыс беру қорытындысы бойынша Дәдебайға 145 дауыс берілді. Осылайша, оның кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты.
Айбек Дәдебай сайлау науқанында «Әділет» партиясының төрағасы ретінде саяси күшті бастап шыққан. Сайлау қорытындысы бойынша партия Құрылтайдағы 145 мандаттың 110-ын иеленіп, басым күшке айналды.
Ата заңның 57-бабына сәйкес, Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатты Президент ұсынады, ал түпкілікті шешімді депутаттар дауыс беру арқылы қабылдайды.
Құрылтай төрағасы сайланғаннан кейін жаңа парламенттің басшылық құрамы мен ішкі құрылымын қалыптастыру жалғасады.
Бұған дейін Бектенов үкіметі алғаш рет сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатқан еді. Қазіргі министрлер жаңа кабинет жасақталғанға дейін міндетін уақытша атқарушы мәртебесінде жұмысын жалғастырады.
Тоқаев Құрылтай құрылымы толық қалыптасқан соң депутаттардың қарауына вице-президент пен Премьер-министр қызметіне кандидаттарды ұсынатынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







