Шымкенттегі №2 мамандандырылған ХҚКО-ның 15 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталғандардың бір бөлігі амнистиямен босатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеумен айналысқан.
Олар өз қызметі үшін 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған. Кем дегенде 500 адам ешқандай емтихан тапсырмай, көлік жүргізу құқығына ие болған.
Жақында бұл іс бойынша сот процесі аяқталды. ХҚКО-ның бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашымов та кінәлі деп танылды. Бірақ жазда тергеу изоляторында көз жұмғанына байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Мұрашымов пара алу, заңсыз ақшаны заңдастыру және ұйымдасқан қылмыстық топ құру баптарымен айыпталған еді. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындамаған.
Тағы тоғыз қызметкер пара алғаны үшін бір жылға сотталды. Дегенмен олар амнистия заңы бойынша жазадан босатылды. Ұйымдасқан топ құрды деген айып сотта дәлелденбегендіктен алынып тасталды.
Қалған бес айыпталушы екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Сот олардың біреуіне алты жыл сегіз ай, қалған төртеуіне алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

