Астанада үш жасар қыздың стоматологиялық клиникада қайтыс болуына қатысты іс сотта қаралуда, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda-ның мәліметінше оқиға елордадағы Dental Park Ortho клиникасында болған. Дәрігерлер 18 тісін бірден емдеу үшін 2021 жылы туған кішкентай қызға ұзақтығы төрт сағаттан асатын наркоз берген. Алайда наркоздан ояту кезінде баланың жүрегі кенет тоқтап қалған.
Іске қатысты клиниканың анестезиолог-дәрігері Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша («Медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамауы салдарынан адам өліміне әкелу») айып тағылды.
Сот отырысында клиникадағы бейнекамерадан алынған видео көрсетілді.
Кадрларда стоматолог пен оның көмекшісі музыка қосып, емді қалыпты жағдайда жүргізіп жатқаны, ал анестезиолог монитордан баланың жағдайын бақылап отырғаны байқалады.
Бірақ стоматолог емдеу шарасын аяқтап шығып кеткеннен кейін, қызды наркоздан оята бастағанда, жағдай күрт нашарлаған. Анестезиолог монитордан жүрек қызметінің әлсіздігін байқаған бойда баланың жүрегіне массаж жасай бастаған.
«Монитор жүрек фибрилляциясын бірнеше секунд көрсетіп тұрды да, жүрек тоқтап қалды. Дефибрилляторды әкелгенімен, оны тек фибрилляция кезінде қолдануға болады. Жүрек тоқтағанда оны қолдануға болмайды, сондықтан пайдаланған жоқпыз», – деп түсіндірді сотта Аида Жұмағалиева.
Анестезиолог өзі массаж жасап, препараттар енгізуді бұйырып, жедел жәрдемнің реанимациялық тобын шақыртқан. Сондай-ақ басқа клиникадағы таныс реаниматолог-дәрігерді шақырып, көмектесуді өтінген.
Дәрігерлер қыздың өмірін бір сағаттай сақтап қалуға тырысқанымен, нәтиже болмады. Баланың ата-анасы операция бөлмесіне кірген кезде, жедел жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын мәлімдеген.
Сотта прокурор Еркебұлан Шалқаров анестезиологтан: «Өткен отырыстағы бейнежазбада сіз әріптестеріңізбен бірге музыка тыңдап, баланың денсаулығына қатысы жоқ әңгіме айтып отырдыңыздар. Бұған не дейсіз?» – деп сұрады.
Жұмағалиеваның адвокаты Сағынғали Елеуов болса, операция кезінде баланың жағдайы қалыпты болғандықтан, дәрігерлердің әңгіме айтып отыруы қалыпты нәрсе деп мәлімдеді.
«Қыздың жағдайы стоматолог кеткеннен кейін нашарлаған. Бейнежазбадан анық көрінгендей, менің қорғауымдағы дәрігер жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін де баланы аман алып қалуға тырысты», – деді адвокат.
Істе түсініксіз тұстар баршылық.
Мысалы, ресми хаттамада өлім уақыты 14:23 деп көрсетілгенімен, бейнежазбада дәрігерлер реанимациялық шараларды 15:05-ке дейін жалғастырған. Тағы бір күмән тудыратын жайт клиника әкімшісі Елена Құсайынова куәгер ретінде сұралған кезде, ол дәрілер іздеп дәріханаларды аралап кеткенін айтты.
«Жедел жәрдем шақырылғаннан кейін клиникадан кетіп, атропин мен адреналин іздеп дәріханаларды аралап шықтым. Қайтып келгенімде баланың қайтыс болғанын естідім», – деді ол сотта.
Адвокат Сағынғали Елеуов қыздың медициналық құжатында маңызды деректер барын да алға тартты. Баланың бұған дейін ауыр түрдегі қызылша мен пневмониямен ауырғаны және дәрігерлердің оның жүрегінде асқыну болуы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткенін жеткізді.
Тәуелсіз сарапшының қорытындысында баланың өлімі «кенеттен болатын балалар өлімі синдромымен» (СВДС) байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылған.
«Дәрігерлер мұның бәрі біле тұра, балаға ұзаққа созылатын наркозды қалай бекітті? 18 сүт тісін бір мезетте емдеуге көндіргенде неге сүйенді? Мұншама тісті бір мезетте емдеу ақылға сия ма?», — деп жазып жатыр желідегі жұрт.

