Қазақстанда зейнетақы қорынан стоматологиялық емдеуге арналған жалған схемамен 200 миллиард теңге жымқырылған.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Елиманов баяндады деп хабарлайды Ertenmedia.
Агенттік басшысы президентке көлеңкелі қаржымен күрестің аралық нәтижесін таныстырды. Елимановтың айтуынша, осы уақытқа дейін жалған компаниялар арқылы 24 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сонымен қатар, 20 заңсыз криптобиржа жабылып, Darknet-тегі 200-ден астам есірткі сататын дүкенге қызмет көрсеткен ірі платформа анықталды. Қазірдің өзінде жалпы көлемі 9,7 млн доллар виртуалды активтер бұғатталған.
Агенттік, бұдан бөлек, 17,1 млрд теңге болатын мұнай өнімдерінің заңсыз экспортын тоқтатып, 164 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың алдын алған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды «бөліске салмақ» болған топтардың 11 млрд теңге жымқыру әрекетіне де тосқауыл қойылды.
Кездесу соңында президент Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.