Қазақстанда 2025 жылға жоспарланған салық тексерісінің барлығы ресми түрде тоқтатылды.
Бұл туралы Uchet компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Бәрішев мәлімдеді. Оның айтуынша, шешімге кәсіпкерлердің ұзақ уақыт бойы салық жүйесіндегі ашықтықты талап етуі себеп болған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Барышев атап өткендей, бизнестің басты наразылығы Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) тексеріс жүргізу үшін «құпия критерийді» қолдануы еді.
Тәжірибе ашық жұмыс істейтін, салықты уақытылы төлеп отырған адал кәсіпкерлердің де негізсіз тексеріске ілінуіне әкеліп соққан.
«Біз әу бастан-ақ жабық критерий негізінде тексеріс жүргізу әділетсіз екенін айттық. Біздің мақсатымыз өзімізді ғана емес, Қазақстанның барлық адал кәсіпкерінің құқығын қорғау еді. Ұзақ күрестен кейін бүгін осы мақсатқа қол жеткіздік», – деді Барышев.
Кәсіпкерлер наразылығының басты себебі МКК-ның тәуекелді бағалау кезінде жабық критерийлерді қолдануы.
Заң бойынша, МКК критерийлерді ашық жариялауға міндетті болғанымен, іс жүзінде кәсіпкерге ешбір түсініктеме берместен, «құпия мәліметтер» деген желеумен оларды тәуекелі жоғары санатқа енгізіп отырған.
Оған қоса, МКК төрағасының 2018 жылғы 29 желтоқсанда шығарған бұйрығы да заңсыз деп танылды. Себебі аталған құжат Әділет органдарында тіркелмеген, ресми түрде жарияланбаған және кәсіпкерлерге тек сот процесі кезінде ғана белгілі болған. Сот бұйрықтың нормативтік құқықтық акт белгісі бар екенін, демек оның тіркелмеген және жарияланбаған күйі заңды күші жоқ екенін растады.
Аталған заңсыздық анықталған соң, 2025 жылға жоспарланған барлық салық тексерістері тоқтатылды. Осылайша, қазақтандық кәсіпкерлер өз құқығын қорғап, салық органдарының қызметінде ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуде маңызды жеңіске жетті.