Алматы облысы, Қарасай ауданында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұнда жаңа өндірістер ашылып, логистикалық орталықтар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр. Бұл аудан экономикасының дамуына және бизнеспен айналысуға жағдайды жақсартуға серпін береді,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Ең ірі жобалардың бірі — оңтүстіккореялық KT&G компаниясының темекі өнімдерін шығаратын зауыты. Зауыттың жылдық өнімі 177 миллиард теңге сомаға жоспарланған. Мұнда 180 адам жұмыс істейді.
Логистика саласы да белсенді дамуда. «Фокус Логистик» кешенінің бірінші кезеңі аяқталып, OZON қоймасы ашылды, бұл 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Наурыз айында UNION қоймасы іске қосылады, ол тағы 100 жұмыс орнын ашады. «Imagine Apple City» жобасы аясында 500 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Жалпы алғанда, аудан бойынша 4500 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Қарасай ауданы тек шетелдік емес, сонымен қатар отандық компанияларды да тартып жатыр. Алкогольсіз сусындар өндіруші Caspian Beverage Holding («Буратино» бренді) Алматыдан зауытын көшірмек. Бұл ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 106 жобаны қолдауға 928 миллион теңге бөлінді. Ауданда су үнемдейтін технологиялар енгізілуде, қайта өңдеу кәсіпорындары мен агробизнес дамып жатыр.
Ауданда мектептер, медициналық мекемелер және мәдени нысандар салынып жатыр:
2025 жылы Алмалыбақта 1500 орындық, Бұлақтыда 900 орындық мектептер ашылады;
Жібек Жолы мен Әйтейде мәдениет үйлері пайда болады;
Абай мен Үштерек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр.
«Инвестиция тарту — ауданның дамуы үшін маңызды міндет. Жаңа кәсіпорындар тек қаржы құйып қана қоймай, жұмыс орындарын да ашады. Бұл біздің жұмыстың басты басымдығы», — деп атап өтті Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.