Қазақстанда 2026 жылдан бастап мобильді аударымдарға қатысты талап күшейеді. Банктік картадағы әрбір транзакция мұқият бақыланады, деп хабарлайды Ertenmedia LS-қа сілтеме жасап.
Shanyraq 2025 бизнес-форумында сөйлеген салық сарапшысы Дмитрий Казанцев жаңа тәртіптің қыр-сырын тарқатып берді. Оның айтуынша, банктік картада түрлі бағыттан бей-берекет ақша түссе, иесінен түсініктеме талап етілуі мүмкін.
«Премьер-министрдің 16 қазандағы мәлімдемесінде шағын бизнесті тексеру уақытша тоқтайтыны айтылған еді. Алайда бұл жеңілдік өткен кезеңдерге ғана қатысты. Ал 2026 жылдың қаңтарынан бастап карталарды қолданудың жаңа ережесі күшіне енеді. Енді жеке картаға тек жалақы, дивиденд және жақын туыстардан келген аударымдар ғана түсуі тиіс», – дейді ол.
Казанцев табысын жасырғандарға қандай жаза қарастырылғанын да атап өтті.
Мұндай жағдайда азамат жасырған табыс сомасының 10%-ын салық ретінде қосымша төлеуге міндеттеледі немесе төленбеген салық сомасының екі еселенген мөлшерінде айыппұл салынады.
«Кейбір жағдайда азамат сатып алған мүліктің заңдылығын дәлелдей алмаса, оны тәркілеу шарасы да қарастырылған. Әсіресе, коррупцияға қатысы бар деген күдіктілерге қатысты осы ереже қатаң қолданылады», – деді ол.
Егер азаматтың атында он шақты пәтер болса, бірақ ресми табысы көрсетілмесе, олардың қандай қаражатқа сатып алынғанын түсіндіру талап етіледі.
«Дегенмен көптеген азаматтарға ереженің салдары аса ауыр болмайды деп ойлаймын. Көбіне жасырған табыстың 10%-ы көлемінде қосымша салық салынып, оны 30 жұмыс күнінде төлеу мүмкіндігі беріледі», – деп қорытындылады сарапшы.

