Қазақстанда 2026 жылдан бастап қосымша құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16%-ға көтеріледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, негізгі ставканың өсуімен қатар, жекелеген тауарларға төмендетілген мөлшерлемелер бекітіледі. Атап айтқанда, отандық баспа өнімдері мен мерзімді басылымдар үшін – 10%, дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен қызмет түрлеріне 2026 жылы – 5%, ал 2027 жылдан бастап – 10% көлемінде салық белгіленеді.
Сондай-ақ экспортқа шығарылатын тауарлар, халықаралық жүк тасымалы, шетелдік әуе компанияларына арналған жанар-жағармай материалдары, арнайы экономикалық аймақтар аумағында өндірілетін өнімдер мен аффинаждалған алтынға нөлдік ставка қолданылады.
Жаңа Салық кодексінде ҚҚС-тан мүлдем босатылатын салалар мен бағыттар да айқындалған:
- ҚҚС-тан босатылған тауар, жұмыс және қызмет түрлері;
- Қазақстан аумағынан тыс іске асырылатын қызметтер мен тауар айналымдары;
- Кодекстің 474-бабында көрсетілген арнайы тауар санаттары;
- Ойын бизнесі;
- Арнайы салық режимі аясындағы операциялар;
- Лотерея қызметіне қатысты айналымдар.
Оған қоса, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін салына бастаған тұрғын үйлер мен пәтерлер, сондай-ақ ұзақ мерзімді жалға алу арқылы сатып алуға келісім жасалған тұрғын үй нысандары да ҚҚС-тан босатылады.
«Егер тұрғын үй немесе пәтер ҚҚС-сыз сатып алынса, оның сатылым айналымы сатылған сәттегі құны мен баланстық құны арасындағы айырма ретінде есептеледі. Бұл ретте бухгалтерлік есептегі қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбайды», – деп түсіндірді министрлік.
Бұл өзгеріс құрылыс саласының жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуіне мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қатысты ҚҚС-ның қосымша есептелетін үлесі 70%-дан 80%-ға дейін артады.
2026 жылдан бастап ҚҚС-ны есепке жатқызу тәртібі де жаңарады:
Тауар, жұмыс пен қызмет түрлері бойынша – нақты алынған күні;
Үшінші елдерден импорттаған кезде – тауар шығарылған күні;
ЕАЭО елдерінен импорттағанда – ҚҚС төленген күні;
Резидент емес тұлғалардан алынған жұмыс пен қызмет түрлеріне – электронды шот-фактура берілген күні.
Қаржыминнің уәжі қандай?
Қаржы министрлігі ережелер есептеу сәтін анықтау тәртібін бірыңғай әрі түсінікті ететінін атап өтті. Салық есебін тапсырғанда 300.00 формасы есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес және екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылуы тиіс.
Сонымен бірге ҚҚС сомасын сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер күніне қарай есепке жатқызуға рұқсат етіледі.
«Егер өнім 2025 жылдың желтоқсан айында сатып алынса, ҚҚС есепке жататын кезең 2026 жылға дейін күшінде болған ескі тәртіппен анықталады», – дейді министрлік.
Салық есептеу кезінде ҚҚС ең кеш жасалған операция күніне қарай есепке жатқызылады:
Тауар, жұмыс және қызмет түрлерін нақты алған күн;
Шот-фактура немесе басқа негіз болатын құжат берілген күн.
«Осылайша, 2025 жылдың IV тоқсанында алынған тауарларға қатысты ҚҚС сол мерзімде қабылданса да, шот-фактура 2026 жылдың І тоқсанында рәсімделсе, салықты есепке жатқызу мерзімі соңғы күнге, яғни 2026 жылдың І тоқсанына сәйкес келеді», – деп қорытындылады министрлік.

