Әлем астрономия тарихындағы ең сирек әрі ғажайып құбылыстардың біріне жүз жылдағы ең ұзақ күн тұтылуына дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
NASA мамандарының мәліметіне қарағанда, күннің толық тұтылуы 2027 жылдың 2 тамызында болады. Бұл құбылыстың толық фазасы Марокко мен Испанияның оңтүстік бөлігінен басталып, Алжир, Тунис, Ливия мен Египет арқылы Таяу Шығысқа дейін жалғасады.
Әсіресе Египеттің тарихи Луксор және Асуан қалаларында Күннің толық тұтылуы алты минуттан аса уақытқа созылады. Осы сәтте Күн толығымен Айдың тасасында қалып, ауа температурасы күрт төмендеп, тіпті аспанда жұлдыздар анық көрінеді.
Ғалымдар бұл құбылысты «Күннің көзге көрінетін анатомиясы» деп те атайды. Себебі тек толық тұтылу кезінде ғана Күннің тәжін және оның атмосферасындағы құбылыстарды егжей-тегжейлі бақылауға мүмкіндік бар.
Күннің толық тұтылу уақыты Жер, Ай және Күннің орналасуына тікелей байланысты.
Осы жолғы құбылыстың тарихи мәні бар
Алдағы тұтылудың ұзақтығы дәл осы аспан денелерінің бір-бірімен ерекше дәлдікпен орналасуына орай рекордтық межеге жетпек. Келесі осыған ұқсас ұзақ тұтылу тек 2045 жылға қарай күтіледі.
2027 жылғы тұтылудың көне храмдарымен әйгілі Луксор үстінен өтуі бұл құбылыстың тек ғылыми ғана емес, тарихи-мәдени мәнін де ерекше арттырып отыр. Қазірдің өзінде әлемнің әр бұрышынан туристер мен зерттеушілер осы таңғажайып құбылысты өз көзімен көру үшін саяхаттарын жоспарлауға кіріскен.
Астрономдар, сонымен қатар, Күнге арнайы көзілдіріксіз немесе қорғаныш фильтрлерінсіз қарауға болмайтынын ескертеді. Бұл сақтық шараларын ұстанбаған жағдайда көзге ауыр зақым келуі мүмкін.

