Сақтандыру нарығында жұмыс істейтін «Еуразия» компаниясының дерегінше, Қазақстанда жол-көлік оқиғасы соңғы бір жылда 40 пайызға өскен. Бұл ресми статистикадан бірнеше есеге артық деп хабарлайды Ertenmedia.
Сақтандырушылардың мәліметтері мен Бас прокуратураның статистикасы арасында айтарлықтай алшақтық бар. Қадағалау органы тек адам зардап шеккен немесе қайтыс болған апаттарды ғана тіркейді. Ал шын мәнінде, жолдағы апаттардың басым бөлігінде адам емес, көліктер зардап шегеді.
Бұл айырмашылық әсіресе Астана қаласында анық байқалып отыр. Елорданың жол апаты бойынша статистикасында сақтандыру компаниялары ұсынған дерек пен ресми мәліметтің арасындағы айырмашылық 11,59 есеге жеткен.
2024 жылы 250 мың автокөлік жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккен. Бұл – Қазақстандағы жалпы көлік паркінің 4,5 пайызы. Сақтандыру компаниялары бір жылдың ішінде 131,5 мың рет өтемақы төлеген. Ең көп сақтандыру төлемін елордалық көлік иелері алған. Одан кейінгі орындарда Алматы мен Алматы облысы тұр.
«Сақтандыру компанияларының мәліметі шынайы жағдайды толыққанды көрсетеді. Біз барлық ұсақ жол-көлік оқиғаларын да есепке аламыз. 2025 жылы жол апаты мен сақтандыру төлемдері санының күрт артқанын байқадық. Бұған мопед иелерінің де міндетті сақтандыру жүйесіне қосылғаны әсер етті. Автокөлік иелері тәуекелдің артқанын сезініп, қосымша сақтандыру қызметі – каскоға көбірек жүгініп жатыр. Былтырғы жылдың өзінде 536 мыңнан астам көлік каско полисімен қамтылды. Бұл – автопарктің 9,35 пайызы», – дейді «Еуразия» компаниясының сарапшылары.
Компания апаттың көбеюінің басты себебін көлік санының артуымен түсіндірді. Жеке автокөлік иелерінің саны Қазақстанда жыл сайын өсіп келеді. Тиісінше, жол апаттары да көбейген.
Бұған дейін ресми дерек бойынша, Қазақстанда соңғы жарты жылдың өзінде адам өлімімен аяқталған апат саны 54 пайызға артқаны хабарланған еді.