Заңсыз активтер есебінен Шымкенттегі мектеп-интернат-колледж тәрбиеленушілері үшін 300 орындық жатақхана салынады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Шымкент қаласындағы «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешені үшін жатақхана салуға 2,6 млрд теңгеден аса қаражат бөлді.
«Ғимарат 300 орынға есептелген. Жобада ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық блок, асхана, ойын бөлмелері және басқалары қарастырылған. Жатақхана заманауи талаптарға сай болады», — деп жазылған Үкіметтің баспасөз қызметі хабарламасында.
Бүгінде «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде 363 адам оқып жатыр. Жаңа ғимарат 120 оқушыға арналған жатақханадағы орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Нысан 1975 жылы салынған. Қазір орын тапшылығына байланысты оқу орнындағы кейбір кабинеттер балаларға арналған жатын бөлмелері ретінде қарастырылған. 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр.
Айта кетейік, Қазақстанда елге қайтарылған заңсыз активтер есебінен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу, Риддер қаласында көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлді.