Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев өзінің Фейсбуктағы парақшасында мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі мен отандық еңбек нарығына әсері туралы көкейде жүрген сынын айтты. Ол еліміздегі 30 триллион теңгеге жуық мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу көлемі ел азаматтарының әл-ауқатының жақсаруына тиісті деңгейде әсер етпей отырғанынан налыпты. Депутат өз жазбасында «егер бұл қаражат шын мәнінде ел ішінде айналса, онда жұмыссыздық азаяр еді, салық түсімі көбейер еді, ал әрбір отбасы тұрақты табысқа ие болар еді» дейді.
Әлиевтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қаржы айналымындағы негізгі мәселе қаражаттың бағытталған жеріне жетпей, айқын бақылауда болмауы өзекті мәселеге айналған.
Көп жағдайда бірнеше ондаған қызметкері бар жеке компаниялар миллиардтаған жобаларды бір мезетте орындап, мектеп те салып, тұрғын үй де тұрғызып, жол жөндеуге де қатысатынын алға тартады.
Мұндай жүктемені аз ғана штатпен орындау мүмкін еместігі бәріне белгілі. Депутаттың сөзімен айтқанда, мұнда көлеңкелі тетіктердің бар екені анық байқалады. Ол өз жазбасында ойын былайша жеткізді:
– Құрылыс алаңдарында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі бейресми жұмысшылар мен шетелден келген еңбек мигранттары. Ал олардың еңбегіне салық, әлеуметтік және зейнетақы төлемдері төленбейді. Мұндай жағдай ел бюджетінен төленген қаражаттың өз халқына пайда әкелмей, сыртқа кетіп жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай экономиканың ішкі тепе-теңдігі мен еліміздің әлеуметтік саясатына тікелей әсер етеді, – дейді депутат.
Болатбек Әлиев осындай жағдайда мемлекеттік органдардың үнсіздігі мен формалды бақылауы қоғам үшін үлкен қауіп айналуы мүмкін екенін ашып айтыпты.
– Елімізде отандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге басымдық берілуі тиіс деген заң бар, алайда нақты іске келгенде бұл талап жиі қағаз жүзінде қалып қояды. Жауапкершілік тек бір министрлікке ғана емес, бірнеше мемлекеттік құрылымға жүктеледі. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нақты жұмыспен қамту деңгейін көріп отыруы қажет, ал Қаржы министрлігі мен салық органдары жалақыдан ұсталатын салықтар мен әлеуметтік төлемдердің түсуін қадағалауға тиіс. Бірақ тәжірибе барысында мұндай үйлесімділіктің жұмыс жүрмейтінін байқау қиын емес, – дейді халық қалаулысы.
Депутат атап өткендей, егер осы қаражат отандық еңбек нарығында айналымға түссе, елдегі әлеуметтік жүктеме азаяр еді. Қазір мемлекет жүздеген миллиард теңге жұмсап, жұмысшы мамандарды даярлауға, техникалық білімді дамытуға жағдай жасауда.
Бірақ мемлекеттік тапсырыстардағы қаражат өз азаматтарымыздың еңбегі мен табысына айналмаса, бұл шаралар толық нәтиже бермейді. Оның пікірінше, мемлекеттік инвестицияның шынайы әсері тек сандармен емес, халықтың өмір сапасымен өлшенуі қажет.
Әлиев бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп, вице-премьер Серік Жұманғаринмен бірге нақты шешім жолдарын талқылағанын айтты. Ол мұндай мәселелерді тек қаржы тәртібі немесе заңнамалық тұрғыда емес, елдің әлеуметтік және экономикалық саясатының өзегі ретінде қарау қажет деп есептейді.
Оның ойынша мемлекеттік ақша қарапайым адамдардың еңбегі мен сенімінде нақты көрініс табуы керек. Әрбір бөлінген теңге ел экономикасына қайта оралып, халықтың тұрмысына әсер етуі тиіс.
Депутаттың жазбасында қоғамға арналған бір маңызды ой бар: «Мемлекеттік қаражат ел ішінде жұмыс істеуі керек. Әр жоба, әр құрылыс, әр сатып алу отандық еңбек пен отбасылардың тұрақтылығына әсер етуге тиіс». Ол бұл мәселені ашық айтып, экономикалық жүйенің басты бағыты халықтың табысына жұмыс істеуі керектігін баса көрсетті.