Энергі министрі Ерлан Ақкенженов бензин бағасының болашағына қатысты сұраққа жауап берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, 31 наурызда аяқталатын мораторийдан кейін жанармай нарығы басыбүтін сұраныс пен ұсыныстың ырқына беріледі. Осыған дейін үкіметтің қатаң ұстанымы арқасында бензин бағасының күрт өсуін тоқтатуға мүмкіндік болған. Дегенмен министрлік былтырдан бері жанармай бағасын тікелей бақылаудан шығарған болатын.
«Өткен жылдың ақпаннан бастап бензин нарығы еркін айналымда. Егер үкімет мораторий аяқталған соң нарық жұмысына араласпаса, баға тек нарық шартына сай қалыптасады. Бағаның қандай бағыт аларын ішкі сұраныс пен ұсыныстың деңгейі шешеді», – деді Ақкенженов.
Бензиннің сапасы дұрыстала ма?
Тілшілер министрге халықты мазалап жүрген бензин сапасы жайлы сауал қойған-тын. АИ-92 бензинінің сапасы төмендегені туралы шағымды министр негізсіз деп есептейді екен.
«Сапасы төмендепті дегенді кім айтты? Қашан айтты? Дәлелсіз сөйлеуге болмайды. Елдегі зауыттардың бәрінде дерлік тәуелсіз зертхана бар. Мәселен, Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауытында швейцариялық зертханалар жұмыс істейді. Әр партия мұқият тексерістен өтеді. Қазақстан Кеден одағының техникалық талабын толық сақтайды», – деп жауап берді министр.
Ал АИ-95 бензинінің бағасына қатысты Ақкенженов мұндай маркалы жанармайдың ешқашан мемлекеттік реттеуге кірмегенін еске салды.
«АИ-95 әрдайым еркін саудада болды. Мораторий кезінде ғана бағаны күрт көтермеуін өтіндік. Дегенмен нарық өз тәртібімен жүреді», – деді ол.
Бензин бағасы күрт шарықтауы мүмкін бе?
Министр алдағы уақытта бензин бағасы қанша болатынын нақты айта алмайды. Бірақ бағаның кенеттен шарықтап кетуіне жол бермейтінін мәлімдеп, уәде берді.
«Баға 300 немесе 500 теңгеге дейін бара ма, оны қазір нақты айту қиын. Нарықтың өз заңы бар ғой. Әйтсе де министрлік бағаның шектен тыс көтерілуіне жол бермейді. Мемлекет нарықты тұрақтандыруға қажет барлық құралға ие. Қор жеткілікті, жағдай бақылауда», – деп сендірді Ақкенженов.
Еске салсақ, Бектенов үкіметі АИ-92 маркалы бензин мен дизель бағасын ұстап тұру үшін мораторий енгізген болатын. Мораторий мерзімі осы жылдың 31 наурызында аяқталады.
Бұған дейін экономист Расұл Рысмамбетов 1 сәуірден бастап инфляция қайта құтырады деген болжам жасаған. «Көктемнің соңына таман қазақтардың қалтасы қымбатшылықты нақты сезе бастайды», — дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

