Жыл басынан бері Қазақстанда мемлекеттік қаржыны тиімсіз жоспарлап, мақсатсыз жұмсау және қаржылық заң бұзушылықтар салдарынан бюджетке 355 миллиард теңге көлемінде шығын келген. Бұл туралы Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
Палата 2025 жылдың алғашқы үш айында 24 мемлекеттік мекемені тексеріп, жалпы көлемі 5,9 трлн теңгенің қаржылық операцияларын саралаған. Тексеру қорытындысында мынадай ірі заң бұзушылықтар анықталды:
-
Мемлекеттік органдар 287,6 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған.
-
Жоспарлаудағы қателіктер кесірінен мемлекет 64,6 млрд теңгеден айырылған.
-
Лауазымды тұлғалар тарапынан 3,3 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылығы тіркелген.
Жоғары аудиторлық палата анықтаған осы 355 млрд теңгенің тек 3,3 миллиардын ғана бюджетке қайтаруға мүмкіндік бар. Оның өзінде әзірге қайтарылғаны – небәрі 1 млрд теңге ғана.
Палата биыл 30-ға жуық тексеру жүргізуді жоспарлаған. Алғашқы тоқсан нәтижесінде үкіметке бюджет қаржысын үнемдеу бойынша 32 ұсыныс берген.
Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің салық қызметі 444 қазақстандық компанияға да назар аударып, оларға тексеріс жүргізуді қолға алған болатын.