Кәмелетке енді толған қазақстандықтар Ұлттық қордың игілігін бірден көре алады. Бағдарлама іске қосылған үш жылдың ішінде жастардың шотында орташа есеппен 370,56 доллар қаражат жиналған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отбасы банкінің мәліметінше қаржыны жұмсаудың нақты екі бағыты белгіленген: баспана жағдайын жақсарту және білім алу шығындарын өтеу. Ақшаны алу үшін өтінімді «Отбасының» онлайн платформасы арқылы жіберу жеткілікті.
Банктің мәліметінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен жиналған қаржысын әлі күнге дейін пайдаланбаған қауым аз емес екен.
«Қаражат өскелең ұрпақтың БЖЗҚ-дағы жеке шотында сақталады, бірақ оған қосымша кіріс есептелмейді. Егер он жыл ішінде ақша жұмсалмаса, автоматты түрде иесінің зейнетақы қорына аударылады», – деп ескертті банк өкілдері.
Білім саласында қаражат көбіне ел ішіндегі оқу ақысын төлеуге, Aqyl депозитін толықтыруға немесе оқу үшін алынған кредиттің бір бөлігін жабуға жұмсалуда.
Егер оқу ақысын төлеу қажеттілігі болмаса…
Ұлттық қордан түскен ақшаны Отбасы банкіндегі депозитке аударуға болады. Осылайша қаражат банктің жылдық 2 пайыздық сыйақысымен бірге, мемлекет тарапынан берілетін 20 пайыздық үстемақыны (200 АЕК көлеміне дейін) қосқанда, салымшыға 14 пайызға дейін табыс әкеледі.
«Жастайынан жинақ ашып, тұрақты түрде толықтырып отырған адам ертең баспана аларда үлкен жеңілдіктерге қол жеткізеді. Банктің жинақтау жүйесі арқылы үй алу несие пайызының төмен болуына мүмкіндік береді. Депозиттегі қаражат есебінен 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі тиімді шарттармен баспаналы болуға жол ашылады», – дейді банк мамандары.
18 жастағы азаматтардың көпшілігі дәл осы жолды таңдап отыр. Ұлттық қордан түскен қаражат есебінен депозитті толықтыру туралы Отбасы банкіне бүгінге дейін 112 818 өтініш түскен.
Сонымен бірге Ұлттық қордан бөлінген ақшаны тұрғын үй сатып алардағы алғашқы жарнаға қосып немесе үй бағасын толық өтеу үшін де қолдануға мүмкіндік қарастырылған. Шотыңызға қаражаттың түскен-түспегенін eGov mobile қосымшасы, екінші деңгейдегі бірқатар банктердің мобильді платформалары, сондай-ақ БЖЗҚ сайты арқылы тексеруге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

