Қазақстанда азаматтардың өтініштерін қарау жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Департаменттің хабарлауынша, қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың негізгі тетігі – азаматтардың жолданымдары. Әрбір өтініштің артында нақты мәселе, адамның тағдыры мен үміті тұрғандықтан, оны сапалы қарау мемлекеттік органдардың басты міндеті болып саналады.
Осы бағытта 2021 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі маңызды рөл атқарып отыр. ӘРПК азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа құралын қалыптастырып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтті.
Департамент өкілдерінің айтуынша, енді мемлекеттік органдар өтініштерді тек уақытында ғана емес, мазмұнды әрі жан-жақты қарауға міндетті. Бұл фактілерді толық тексеруді, объективті талдауды және негізделген шешім қабылдауды талап етеді.
Сонымен қатар, ӘРПК азаматтарға әкімшілік рәсімге қатысу, дәлел ұсыну және қабылданған шешімдерге шағымдану құқығын береді. Бұл рәсімдік әділеттілікті қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Департаменттің мәліметінше, Түркістан облысында 2026 жылдың алғашқы екі айында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 42 мыңнан астам жолданым тіркелген. Оның ішінде 33 347-і арыз, 1 859-ы шағым, 1 729-ы хабар, 3 686-сы сұрау салу, 1 414-і ұсыныс, 43-і үн қосу ретінде тіркелген.
Осы өтініштердің 27 мыңы қаралып, 9 мыңы тиісті құзырлы органдарға жолданған. Салыстыру үшін, 2025 жылдың осы кезеңінде 30 мың жолданым тіркелген. Яғни өтініштер саны 39,8 пайызға артқан.
Департаменттің айтуынша, бұл көрсеткіш халықтың «е-Өтініш» жүйесіне деген сенімі артып келе жатқанын білдіреді. Азаматтар өз мәселесін жеткізудің тиімді әрі ашық жолын көріп отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай үрдіс құқықтық мәдениеттің дамуына және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді. Департамент өкілдері әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарау – тек заң талабы емес, мемлекеттік қызметтің абыройлы міндеті екенін атап өтті.
Айтқандай, мамандар сайтымызға диета ұстамай-ақ арықтау үшін калорияның дұрыс есептеу керектігін алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







